Павлодарлық өнертапқыш арзан әрі сапалы бионикалық протез шығарды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодарлық студент Елдос Сәбит мүгедек жандарға арналған бионикалық қол жобасын ойлап тапты. Бұл нарықтағы балама протездермен салыстырғанда өте арзан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елдос Сәбит Павлодардағы Инновациялық Еуразия университетінде білім алып жүр. Ол көптен бері қол протезінің техникасы мен техологиясын зерттеп, қазіргі заманауи технологиялардың көмегімен барынша ыңғайлы әрі қолжетімді протезді жасады.

«Мен жасап шығарған протез жобасы көп жағынан ыңғайлы деп ойлаймын. Жалпы бионикалық қолдың әр саусағы қозғала алады. Адам қолының бұлшықеттері жиырылғанда, мотордан бақылаушыға сигнал барады, нәтижесінде саусақтар жұдырыққа жұмылады немесе ашады. Бұл әзірше... Кейін оны толықтырып, басқа да табиғи саусақ қимылдарын жасай алатын функциялар қосатын боламын. Ол бағыттарда әлі жұмыс істеймін»»,-дейді Елдос.

Құрылғы қалай жұмыс істейді?

«Мен жасап шығарған құрылғы жобасы шетелдік қымбат протездер сияқты электромиографияның көмегімен жұмыс жасайды. Яғни, жасанды тетік адам денесіне жалғанады, бұлшықеттер тартылған кезде протез тиісті функцияларды атқарады. Құрылғы көмегімен жасанды қол жұмылады және ашылады. Протез пластиктен жасалып 3D-принтерлерінен басып шығарылады. Құрылғыға сервопривод, плата, электромиографиялық тетік пен аккумулятор қолданылады», - дейді өнертапқыш.

Студенттің негізгі арманы қарапайым адамдар үшін қолжетімді әрі ыңғайлы протез жасап шығару.

«Әдетте дені сау адамдарға қарапайым нәрселерді жасау мүмкін болмаған кезде мүгедектерге өмір сүру оңай емес екенін ойлайсың. Біз жасап жатқан жоба осыған ұқсайтын жобаларға қарағанда өте арзан. Бұл жобаның елімізде баламасы бар. «Mbionics» компаниясы 2018 жылдан бері осындай протездерді шығарып келеді. Алайда олардың бағасы 1 млн теңгеден басталады. Ал біздегі дайын өнімнің бағасы 300 мың теңгеден басталмақ. Қаржыландыру қалай басталады, солай жобаны іске қосатын боламыз», - дейді Елдос.

Ал қазақстандық протезді шетелдік өнімдермен салыстырсақ бағасы 10 есе арзан.

«Біз жасаған өнім жобасын шетелмен салыстырсақ, оның айырмашылығы бағасында ғана. Мәселен біз жасап шығаратын шетелдік протездер шамамен 30 мың доллар тұрады. Менің басты мақсатым – қазақстандықтар үшін қолжетімді арзан әрі сапалы протез жасау» - деп атап өтті студент.

Осы жерде оқырмандарға түсінікті болу үшін айта кетсек, Қазақстанның «100 жаңа есімі» қатырына енген Мәулен Бектұрғанов елімізде алғаш рет бионикалық протезді ойлап тапқан және ол «Mbionics» компаниясының негізін қалаған.

Елдос өзінің жобасын түрлі көрмелерде көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүр. Жақында ғана Павлодарда өткен IT-форумда, оның жұмысын ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев қажетті әрі заманауи жоба деп атады.

Жалпы Елдос өзінің жобасын Павлодардағы өндірісте іске қосқысы келеді.

«Әрине, жобаға шетелдік инвесторлар қызығушылық танытып отыр, алайда олардың өз мүдделері басым. Сондықтан біз жобаны қаржыландыратын шетелдік инвесторларды іздеп жатқанымыз жоқ. Біз мемлекет тарапынан грант алып, жобаны іске асыру жағдайларын қарастырудамыз. Әзірге жобаға Денсаулық сақтау министрлігі қызығушылық танытып, балалар үшін протез жасай алатындығымызды сұрады. Біз жасауға болады деп жауап бердік» - дейді ол.

Оның айтуынша, балалар үшін бионикалық протезден гөрі, электронды протез ыңғайды. Өйткені электронды протездің механикасы қарапайым, электроникасыз және ол барынша арзан екен.












Соңғы жаңалықтар