Павлодарлық өнер ұжымы Мәскеуде өткен байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облыстық оқушылар сарайының «Свет звезды» үлгілі ән театры Мәскеу қаласында өткен «Рождественские звёзды» атты Халықаралық жаңа жылдық фестиваль конкурсында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Байқауға театр әншілері Тамила Рахымбаева және Дарья Иванченко «I'm in Love with a Monster» атты әнді орындаған. Сонымен қатар Медина Күмісбек және Мария Варламова бірінші орынды иеленді. Медина Шәмші Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында» әнін, ал Мария «Калинка-малинка» деген орыс халық әнін шырқады.

Мәскеулік сахнада алғаш рет өнер көрсеткен «Свет звезды» ән театрының «Super LIKE» тобының ең кішкентай жұлдыздары екінші орын алды. Бүлдіршіндер балаларға арналған поппури орындады. Жас таланттар оқушылар сарайында өнермен төрт жасынан бастап айналысып келеді.

«Свет звезды» үлгілі ән театрының жетекшісі Елена Валько балалардың өнер форумы қызықты өткенін айтады.

«Конкурс мыңдаған баланың өмірінде керемет маңызды оқиға болып қалады. Онда еңбегі сіңген мұғалімдер, мәдениет қызметкерлері өздерінің шеберлігімен, таланттарымен бөлісті. Ұйымдастырушылар балаларды жаңажылдық ертегі әлеміне бөлеп, мерекелік көңіл-күй сыйлай білді», - дейді Елена Валько.

Аталмыш фестивальге Польша, Израиль, Қазақстан және басқа да елдерден өнер ұжымдары бақ сынады. Сондай-ақ Ресейдің 60-тан аса қаласынан қатысушылар жиналды. Фестиваль қатысушыларын Ресей Федерациясының мәдениет министрі Владимир Мединский, әншілер Полина Гагарина және Ани Лорак, ресейлік тележүргізуші Оксана Федорова қарсы алды.

Фестиваль-форумның шеңберінде барлық қатысушылар Кремль шыршасына, Мәскеу циркіне, роллердром, хайуанаттар бағына барып қыдырды.

Соңғы жаңалықтар