Павлодарлық Оқушылар сарайында жаңа ІТ-сынып ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясының «1000 ІТ-сынып» жобасы аясында М.М.Катаев атындағы облыстық Оқушылар сарайында ІТ-сынып ашылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Мектеп оқушылары үшін бағдарламалар мен роботтехниканы тереңдетіп оқытуға арналған кабинеттің ашылуына аймақ басшысы Болат Бақауов арнайы келді.

«Бүгін біз облыс бойынша бір уақытта 15 ІТ-сыныпты ашудамыз, - дейді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко. - Жыл соңына дейін 20 кабинетті ашу жоспарда бар. Жүйелі жұмыс кестесі құрылды. ІТ ұстаздардың тізімі бекітілді. Осы кабинетте сабақ беретін мұғалімдер бүгіннен бастап «Ыбырай» қоғамдық қоры арқылы оқуға кірісті.


Өз кезегінде Болат Бақауов аз уақыт ішінде 15 ІТ-сынып ашылса, жыл соңына дейін көрсеткішті 20-дан асыруға болатынын атап өтті.

«Ыбырай» жас бағдарламашылардың лигасы» қоғамдық қорының директоры Азиза Шужееваның айтуынша, кабинеттердің материалдық техникалық базасы толығымен жабдықталған.

«Біз оқу бағдарламасын іске қосу бойынша белсенді жұмыс жасаудамыз, - дейді Азиза Шужеева. - Әр ІТ-сыныптан екі-үш адамды оқытамыз. Тек мұғалімдерді ғана емес, сонымен қатар түлектерді тартып, жүйе әкімшісін де дайындау жоспарымыз бар. Ұстаздарымыздың ІТ-ментор болғанын қалаймыз. Үш айдан соң бақылау өткізіп, бірінші модульдің қалай жүзеге асқанын көреміз. Тренингтер жасап, үздіктерді марапаттаймыз.


Айта кетейік, ІТ-сыныпта оқушылар еуропалық білім стандартына сай қарапайым алгоритмдердің тізбесін, бағдарлау мен Web-сайттарды, компьютер ойындарын, анимацияларды жасауды үйренеді. 2018 жылдың 1-қыркүйегіне дейін Павлодар облысының әр ауданы мен қаласында ІТ-сыныптар ашылады. 

Соңғы жаңалықтар