Павлодарлық оқушылар өтірік айтудан арылтатын мобильдік бағдарлама жасады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарлық оқушылар шылым шегу, өтірік айту, қызғану сынды жаман әдеттерден арылуға көмектесетін мобильдік бағдарлама ойлап тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Бағдарламаның авторлары - «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушылары Шыңғыс Рахад пен Кенесары Ринатұлы Алматыда өткен «INFOMATRIX-ASIA-2019» Халықаралық компьютерлік жобалар байқауында күміс медальге ие болды. Сондай-ақ олар Сүлеймен Демирел университетінің 100% оқу грантына ие болды.

Жүлдегерлердің жетекшісі Шыңғыс Бұрханның айтуынша, 11-сынып оқушылары әзірлеген «Әдет» бағдарламасы жаман әдеттерден арылуға арналған.

«Қазіргі таңда шылым шегу қоғамдағы өзекті мәселеге айналғаны белгілі. Сондықтан Шыңғыс пен Кенесары «Иннотек» командасы болып, осы бір жаман әдеттермен күресудің жолын ұсынды. Бұдан басқа, өтірік айту, ұрысу, ата-анасына қарсы сөйлеу, қызғану сияқты теріс әдеттер қамтылған. Яғни, ұялы телефондарға орнатылған бағдарлама арқылы өздерінің мінез-құлқын бақылап отыруға болады Сондай-ақ, статистикалық мәліметтер келтіріледі», - дейді Шыңғыс Бұрхан.

«Ертiс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының мәліметіне сүйенсек, аталған байқауда әртүрлі мемлекеттен 400 оқушы бақ сынаған. Жас зерттеушілер 7 номинация бойынша өз білімдерін сарапқа салды: математикалық жобалар, робот техникасы, бағдарламалау, компьютерлік графика мен өнер, басқару жүйелері, қысқа метражды фильмдер, дрондар жарысы.

Еске сала кетейік, Шыңғыс Рахад осыдан үш жыл бұрын «Сұлтан Сүлейман» мейрамханасына қызмет көрсету сапасын жақсартып, тапсырыс беруді жеңілдете түсетін «E-menu» электронды әс мәзірін жасау туралы ұсыныс алған болатын. Ал биыл Кенесары Ринатұлымен бірге аурудың белгілері арқылы шалдыққан дертін анықтай алатын «Емдел» атты мобильдік қосымша жасап шығарды.

Соңғы жаңалықтар