+7 (701) 759 90 19
USD 419.69 EUR 510.89
RUB 5.63 CNY 64.82
Jańalyqtar

Павлодарлық оқушы қолжазбаны цифрлық форматқа ауыстыратын қосымша жасады

2021 жылғы 14 қаңтар 13:55
Бөлісіңіз:
Павлодарлық оқушы қолжазбаны цифрлық форматқа ауыстыратын қосымша жасады

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар қаласындағы «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің 11-сынып оқушысы Алар Берікұлы қолжазбаны цифрлық форматқа көшіретін қосымша жасап шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Карантин уақытында қашықтан оқып, ғылыми ізденістерін дамытқан жас өнертапқыш сол арқылы мектеп архивін цифрландыруға үлес қосуға тырысқан.
«Android жүйесіне арналған бағдарлама екі ай ішінде Java платформасында OpenCV және DL4J ашық кітапханалары негізінде жасалды. Мені нейрондық желілер қызықтырады. Басында Java арқылы жаңадан нейрондық желі құрастырған едім. Алайда ондағы үйрену мен болжау жылдамдығы төмен болғандықтан, жұмысты DL4J-ға көшірдім», - дейді Алар Берікұлы.

Жасанды интеллект саласында жаңалық ашуды мақсат тұтқан оқушыға Торайғыров университетінің доценті Дария Әбікенова көмектескен.
Бағдарламаның жұмыс принципіне келсек, аталған мобильдік қосымша қазақ тіліндегі қолжазбаларды сканерлеп, оны электрондық форматқа көшіреді. Сол арқылы ескі құжаттар мен хаттарды қайта терудің қажеті болмайды.

«Бағдарламаны әлі дамытуға болады. Мысалы, дәрігер рецептін оқыған адамдар медициналық терминдерді іздеп әуре болады. Бағдарлама бөлек жазылған сөздерді ғана тани алады. Бірақ кейбір адамдар олай жазбайды. Сол себепті қолжазба мәтін мен реккурентті нейрондық желіні біріктіру арқылы кез келген қолжазбаны еркін тани алатын жүйе жасауға болады», - дейді Алар Берікұлы.
11-сынып оқушысының ұстазы Айдар Шайхимов айтып өткендей, қосымша толығымен әзір болып, патент алынғаннан соң Play Market-те орналастырылады. Айтуынша, «Жас дарын» мектебінің оқушылары одан бөлек, Е-кітапхана және Е-асхана бағдарламаларын жасаған. Оларға басқа мектептер де қызығушылық танытуда.
Қазақстанның ғылымына үлес қосуға бекінген Алар Берікұлы алдағы уақытта IT немесе нейрондық желілер саласында ізденістерін жалғастыруға ниетті.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT