Павлодарлық музыканттар Конституция күніне орай трамвайда концерт берді

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы камералық хорының өнерпаздары әдеттегі концерттік залды бір күнге қалалық трамвай салонына ауыстырды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Алдағы мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай музыканттар №5 айналма бағыт бойынша трамвай жолаушыларына жанды дауыста өнер көрсетті. Қоғамдық көлікте моноконцерт өткізу арқылы павлодарлықтарды таң қалдыру идеясы музыканттарда өткен жылы пайда болған. Өз жоспарларын жүзеге асыру үшін камералық хордың әртістері трамвай басқармасына жүгінген. Басқармада олардың ұсынысы бірден қолдау тапты.

«Бұндай музыкалық шараны біз қоғамдық көлікте бірінші рет өткізіп отырмыз, Дәл осындай түрде біз биыл қаламыздың барлық тұрғындарын келе жатқан мереке - Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтауды жөн көрдік. Әрине, өз тыңдармандарымызға жақындағымыз, сонымен қатар, хор ұжымының мүмкіндіктерін көрсеткіміз келеді»,- дейді И.Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының камералық хорының жетекшісі Мадина Нұрғожинова.


Трамвай салонына кірген павлодарлықтар өздерінің таңданысын жасырмады. Біраз уақыттан кейін олар әртістермен бірге билеп, қол шапалақтап қошемет көрсетті. Өз өнерлерінде ешқандай музыкалық аспап қолданбайтын камералық хор қатысушыларының жанды дауысымен қала тұрғындары қазақстандық және шетелдік танымал хиттерді естіді.

Трамвай басқармасының қызметкерлері акцияның өтуіне алаңдаушылық білдірген болатын. Бұл трамвайда мұндай іс-шараларға көп орын болмауынан және №5 бағдардағы жолаушылар тасымалы айтарлықтай үлкен болғандықтан туындаған.

«Біз әрқашан жолаушыларға трамвайларда жүру ыңғайлы болуын қалаймыз. Әрқашан қала тұрғындарының көңіл-күйін көтеруге тырысамыз. Сондықтан өз бастамамызбен түрлі акциялар өткіземіз. Мысалы, шілде-тамызда көшеде аптап ыстық болған кезде, алматылық компанияның демеушілігімен біз «Ыстық» акциясын бастадық және трамвайларда 800-900 бөтелке салқын сусынды тегін тараттық. Әрине, бұған адамдар өте риза болды. Енді бізде тағы бір акция – «Сәлем, мектеп!» басталды. Біз жас жолаушыларымызды және олардың ата-аналарын келе жатқан оқу жылымен құттықтап, кішкентай сыйлық ретінде оларға оқуға қажетті заттар береміз», - дейді Павлодар трамвай басқармасының маркетинг және жарнама бөлімінің басшысы Наталья Темирғалина.

Бір қызығы, павлодарлықтар камералық хордың әртістерін жібергісі келмеді. Тіпті олардан өнерлерін қайталап көрсетуін өтінді. Музыканттардың айтуынша, олардың қай жерде өнер көрсететіні маңызды емес. Ең бастысы, өз өнерімен жерлестеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды мақсат тұтады.

Соңғы жаңалықтар