Павлодарлық мүсінші шыныдан үш метрлік қобыз жасап жатыр

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - С. Торайғыров атындағы ПМУ сәулет және дизайн факультетінің ұстазы Шолпан Садуова шыныдан үш метрлік қобыздың мүсінін дайындауда, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Қолөнерші бұған дейін Ұлттық домбыра күніне орай Ақтауға арнайы тапсырыспен биіктігі үш метрді құрайтын шыны домбыра жасағанын айтады. Сондай-ақ, мұндай туындылар өзі еңбек ететін жоғары оқу орны мен Павлодар машина жасау колледжінде орнатылған. Ал, биіктігі 1,5 метрлік ең алғашқы жасаған дүниесін үш жыл бұрын өзінің туған жері Шарбақты ауданының Есілбай ауылына сыйға тартқан.

«Атыраулық бір мекемеден биіктігі үш метрлік қобызға тапсырыс түсті. Бүгінгі таңда жұмыстың басым бөлігі аяқталып қалды»,- дейді Шолпан Садуова. »ПМУ-дың алдындағы домбыраны студенттермен үш күннің ішінде жасап шықтым. 800-900 градуста піскеннен кейін кірпішпен сындыру мүмкін болмады. Жалпы, шыны қалдықтарын қайта өңдеу арқылы әртүрлі бұйымдар жасау Америка, Қытай, Жапония, Түркия елдерінде жақсы дамыған. Бұл істі ғылыммен қатты айналысқан адамдар жақсы түсінеді. Өйткені, шыны нәзік болғанымен атомнан тұрады және адамға бағына бермейді. Сондықтан бір-біріне қосылмаса жарылыс беруі мүмкін. Осы тақырыпты зерттеу үшін 12 жыл кетті».

Мүсіншінің айтуынша, қалада күніне 3 тоннаға жуық шыны қалдықтары шығады. Қатты тұрмыс қалдықтарының ішінде ең ауыр түрі саналатын шыны миллиондаған жылдар жатады. Ал, ең қатты әрі қалың темірлердің өзі 150 жылдың ішінде шіріп кетеді. Мәселен, алюминий 600 градуста, шыны 900 градуста еріп кетеді. Одан кірпіш, мүсін, кафель жасауға болады. Павлодар облысында 1400 градуста пісірілетін әрі құлап кеткен жағдайда сынбайтын ең мықты саз балшық Май ауданында кездеседі. Сондай-ақ, түрлі қалып жасау үшін Красноармейка және Кенжекөл ауылдарындағы саз балшықтар пайдаланылады.
null

«Шыныны бағындыру бала кездегі арманым еді. Деканымыз Марат Кудерин ректор арқылы Түркияның Мимар Синан Гүзел Санатлар университетіне оқуға жіберіп, сол жақта 1 жыл, сегіз ай шыны және керамика факультетінде біліктілігімді арттырып келдім. Бұл жұмыс көп ізденісті талап етеді, химия, физика және сызу геометриясын жақсы білу керек. Ғылыми жұмысты дәлелдегеннен кейін грантқа пеш сатып алып, ПМУ-дың зертханасына орналастырдық. Сол жерде студенттер мен магистранттар бірге жұмыс жасайды. Биыл да Екібастұз, Астана, Семей өңірлерінен тапсырыстар түсуде. Астана қаласына шыныдан үлкен көлеммен кафель жасадым. Сондай-ақ, сәулет және құрылыс, декоративті заттарды жасап шығаруға болады».- дейді ол.

Соңғы жаңалықтар