Павлодарлық құтқарушылар өрт шыққан үйден 9 жасар баланы алып шықты

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Бүгін облыс орталығындағы Қайырбаев көшесіндегі үйден өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. .

Бес қабатты үйдің үшінші қабатындағы жатын бөлмеде жиһаз бен үй заттары өртеніп жатқаны туралы хабар 24 маусым сағат 10:53-те түсті.

Өрт шыққан пәтердің иелері бұл туралы ТЖД диспетчер пультіне хабарлап, пәтерден шығып кеткен. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер өрт шыққан подъездің төртінші және бесінші қабаттарынан 18 адамды эвакуациялады. Оның ішінде 6 бала болды.

Осы кезде диспечтерлік пультке төртінші қабатта орналасқан пәтерден 2011 жылғы ер бала хабарласып, пәтерде жалғыз өзі қалғанын айтқан.

Диспетчер балаға психологиялық көмек көрсетіп, шұғыл өрт сөндірушілерге хабарлады. Олар арнайы құралдардың көмегімен пәтердің есігін ашып, түтін еніп үлгерген пәтерден баланы алып шықты.

Өрт сөндірушілер өртті сағат 11:29-да толық сөндірді. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі кезде өрттің себептері мен келген шығын көлемі анықталып жатыр.

Оқиға орнында өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінен 6 техника мен 18 қызметкер жұмыс істеді.



Соңғы жаңалықтар