Павлодарлық бойжеткен «Қазақ аруы-2019» атанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Қазақ аруы - 2019» ұлттық байқауының жеңімпазы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Бәсекеге 600-ден аса бойжеткен қатысуға ниет танытқан. Олардың тек 18-і іріктеп алынып, соңғы сынға жолдама алды.

«Қазақ аруы» байқауы биыл 9-ыншы жыл ұйымдастырылды. Сәйкесінше, қатысушылар арасындағы бәсекеде де жоғары болды. Ұйымдастырушылар да талапты күшейте түскен.

«Жыл сайынғы талап бұл - қыз баланың сыртқы сұлулығы ғана емес, ішкі жан-дүниесінің бай болуы. Қазақ елінің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін білу және ең бастысы қазақ тілін жетік білу», - деді қазылар алқасының мүшесі Арман Сейітмамыт.

Бұған қоса, қыздардың бойы 170 сантиметрден кем емес, ал жасы 22-ден жоғары болмауы тиіс. 18 ару шешуші сында 4 кезең бойынша өнер көрсетіп, жыл үздігін анықтады.

Нәтижесінде, «Алтын тәж» Павлодар облысының намысын қорғаған Сәния Темірxановаға бұйырды. Ол шығармашылық кезеңде Абай өлеңдерін жатқа оқып, сұлулық пен парасаттылықтың жарқын үлгісін көрсетті.

«Қазақ аруы» деген атаққа лайықты қыздың ақылы көркіне сай болуы керек. Біз осыған байланысты талаптарды күшейттік. Кейін сол арудың басқаларға үлгі болғанын қалаймыз», - дейді байқаудың бас продюсері Баян Алагөзова.

Бұған дейін «Қазақ аруы - 2019» байқауына кастинг жарияланғанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар