Павлодарлық балалар Білім күні қарсаңында шашын тегін қырықтырады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда көмекке зәру оқушыларға мектеп жабдықтарын сатып әперу үшін қайырымдылық акциялары өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«25 тамыз күні Естай атындағы Мәдениет сарайында мектеп жәрмеңкесі өтеді. Оған павлодарлық кәсіпкерлер қатысады. Олар 15-тен 25 пайызға дейін жеңілдіктер ұсынады»,-дейді Павлодар қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Айгүл Төлектемірова.

Республикалық «Мектепке жол» ауқымды акциясының алға қойған мақсаты - аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балаларына, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға материалдық және қаржылық көмек көрсету.

«22 тамызда «Манақбай» және «Квазар» сауда үйлерінде мектеп жабдықтарын жинастыру үшін қайырымдылық жәшіктері орнатылады»,-деді Айгүл Төлектемірова.

Одан бөлек, «Қайырымдылық жаса» акциясының аясында жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік қорғалмаған отбасының 30 баласы сұлулық салонына барып, шашын тегін қырықтыра алады. Павлодар қаласының маңындағы ауыл балалары үшін «Ауыл баласына мектепке сыйлық» акциясы ұйымдастырылады. Соның арқасында Ленинский, Жетекші, Кенжекөл және Павлодарское ауылдарының аз қамтылған отбасы балаларына көмек көрсетіледі. 

Соңғы жаңалықтар