Павлодарлық «Ақсу» премьер-лигада жеті турдан кейін жеңіске жетті

Фото: meta-ratings.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 11-турындағы алғашқы ойынның нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл турдағы алғашқы ойын Павлодар облысының «Ақсу» және Талдықорғанның «Жетісу» командалары арасында өтті.

Павлодарлық клуб биылғы біріншілікті сәтсіз ойнап келеді. Салдарынан небәрі төрт ұпаймен 13-орында тұр.

Талдықорғандық команда да біріншілікте ала-құла ойынымен көзге түсіп отыр. Қазір он ұпаймен 11-орынға жайғасқан.

Кездесу барысында павлодарлық клуб жеңіске жету жолын іздеді.

Нәтижесінде олардың қатарынан 38-минутта Чиди Осучукву есеп ашса, талдықорғандық клубтан Аслан Әділ 64-минутта таразы басын теңестірді.

Ал 67-минутта Чиди Осучукву қайтадан «Ақсуды» алға шығарды.

Осылайша павлодарлық клуб қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті. Олар бұған дейін қатарынан жеті тур бойы жеңілістің ащы дәмін татып келген еді.

Енді 17.00-де «Каспий» (Ақтау) мен «Шахтер» (Қарағанды), 18:00-де «Мақтарал» (Түркістан облысы) мен «Қайрат» (Алматы) шеберлік байқасады.

Ал 28 мамырда «Оқжетпес» (Көкшетау) пен «Тобыл» (Қостанай), «Қызылжар» (Петропавл) мен «Ордабасы» (Шымкент), «Атырау» мен «Астана», «Қайсар» (Қызылорда) мен «Ақтөбе» жасыл алаңға шығады.

Соңғы жаңалықтар