Павлодарға Беларусь трамвайлары кеш жеткізіледі - әкім себебін айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарға өткен жылдың соңында келу керек болған 23 жаңа беларусь трамвай Ресейде футболдан өтетін әлем чемпионатына байланысты кешігуде, деп xабарлайды pavlodarnews.

Бұл туралы облыс әкімі Болат Бақауов қоғамдық кеңес алдында берген есебі кезінде белгілі болды.

«Бүгінгі таңда Павлодарда жаңа трамвайлардың пайда болғанын көріп жүрміз. Олар өте ыңғайлы, дыбыссыз. Жалпы, трамвай паркін жаңарту жұмыстары қалай өтіп жатыр?», - деп сұрады қоғамдық кеңес мүшесі Гаухар Нығманова.

Аймақ басшысы өңірде трамвай жолдарының ұзартылатынын тілге тиек етті.

«Біз 2017 жыл соңына дейін 23 жаңа вагон алуды көздеп едік. Оның төртеуі - осында, екеуі әлі жетпеді. Мамыр айында жаңа трамвайлар саны 10-ға жетеді. Бұл көпшіліктің түрлі пікірін тудырған мәселе. Биыл Ресейде футболдан әлем чемпионатының өтетінін білесіздер. Осыған орай көрші мемлекет билігі ел ішіндегі трамвайларды жаңарту үшін Псков зауытына тапсырма берген. Белоруссиялық трамвайлардың қозғалтқыштары тек сол кәсіпорында жасалады. Сол себепті, біз әлі де өз кезегімізді күтумен қалдық. Алматыда трамвайдан бас тартты, Өскеменде бұл мәселеге қатысты бірқатар мәселелер бар. Ал, біз экологиялық көлік түрін қайта жаңғыртып дамытамыз», - деді Болат Бақауов.

Аймақ басшысы қала ішіндегі темір жолдар жаңадан салынып жатқан «Достық» шағын ауданы мен әуежайға дейін ұзартылатынын және 2019 жылы жолда жүру құны 100 теңге болуы ықтимал екенін атап өтті. 

Соңғы жаңалықтар