Павлодардың жылу желісінде апат болып, 100-ден астам үй сусыз қалды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - «Павлодар жылу желілері» ЖШС құбырдың жарылуынан аққан судың салдарын жоюда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«27 тамыз күні 09 сағат 34 минутта Ломова көшесінің бойындағы қалалық бірінші ауруханасына жақын жолдың жүретін бөлігінде диаметрі 720 миллиметрлік құбыр жарылып, жылу жүйесінде апат болды», - деді Павлодар әкімдігінің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Темір Қасқабаев.

Оның айтуынша, апаттың салдарынан жақын маңда тоқтап тұрған 5 автокөлікке зақым келген.

«30 метр радиуста шашылған асфальт кесектері 5 жеңіл автокөлікке тиіп кетіп, оларға зақым келтірді. «Павлодар жылу желілері» ЖШС апаттың салдарымен күрес бойынша шаралар ұйымдастырып жатыр. Атап айтқанда, асфальтті алып тастап, апаттық жағдайдың салдарын жоюға кірісті», - деді Т. Қасқабаев.

«Павлодарэнерго» компаниясының мәліметінше, мекеме шығынның көлемі анықталған бойда зақым келген көліктерге шығынның орнын толтырып береді.

«Жылу тарату жедел тоқтатылды. Тәулік ішінде зақымданған бөліктерін қайта қалпына келтіруге тырысамыз. Оған қоса, жылу жүйелерін толтыру үшін бір-екі тәулік қажет болады. Аталмыш апатпен байланысты, әзірге Павлодардың оңтүстік аудандарындағы 123 көпқабатты үйде ыстық су тоқтатылды», - деді бөлім бастығының міндетін атқарушы.

Қала әкімдігінің мәліметінше, су құбырының жарылуынан келген шығынның көлемі әлі анықталып жатыр.

Соңғы жаңалықтар