Павлодардың «Ertis» командасына жаңа бас бапкер тағайындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Павлодардың «Ertis» футбол клубына жаңа бапкер тағайындалды. Бұл қызметке серб маманы Милан Миланович келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ertis» командасының басшылығы бұл жөнінде ресми түрде мәлім етті. Павлодарлық клубта 56 жастағы маман жыл соңына дейін қызмет атқарады. «Ertis» турнир кестесіндегі жағдайын жақсартса, аталмыш маманмен келісімшарт мерзімі ұзаруы мүмкін.

Милан Миланович 1963 жылдың 10 қаңтарында дүниеге келген. 1983-1998 жылдар аралығында Югославия, Германия және Фарер аралдары командаларында ойын көрсетті. 1995 жылдан бері бапкерлік қызметпен айналысады. Бапкерлік қызметінде Сербия, Фарер аралдары, Молдавия, Босния және Герцоговина клубтарына жетекшілік жасады. 2013 жылы «Нови Пазар» командасында еңбек етіп, Сербияның үздік бапкері атағын жеңіп алды.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын павлодарлық клубқа болгар маманы Димитар Димитров бапкерлік жасады. Биыл команданың нашар көрсеткішіне байланысты мамыр айында ол қызметінен кеткен болатын.

Соңғы жаңалықтар