Павлодардың 3 тұрғыны гаражда газдан уланып көз жұмды
2021 жылғы 17 қараша 17:52

Павлодардың 3 тұрғыны гаражда газдан уланып көз жұмды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысында үш адам гаражда көліктен шыққан газдан уланып, мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Бейбітшілік көшесінің бойында орналасқан гараждан екі ер адам мен бір әйелдің мәйіті табылған. Сотқа дейінгі тергеу барысында анықталғандай, ерлі-зайыпты көлік жөндеумен айналысу үшін гаражды жалға алған. Олар жұмыс істеп жатқан кезде отбасылық досы келіп, бәрі бірге ішімдік ішкен. Гараждың іші суып кеткенде көлікті оталдырып, ұйықтап кеткен. Олардың мәйітін көрші гаражды жалға алған адам тауып, полицияға хабарлаған.

«Оқиға орнына келген полицейлер гараждың ішінен автомобиль мұржасынан газ шығып тұрғанын байқаған. Сот-медициналық сараптамаға сәйкес, олар көліктен шыққан улы газдан көз жұмған», - деді ПД бастығының орынбасары Рашад Утеуов.

Дәл осындай жағдай 14 қараша күні болған. Гараждан оталып тұрған көліктің дауысын естіген көрші есікті қаққан. Оған ешкім жауап бермеген соң полицияға хабарласқан. Оқиға орнына келген полицейлер оталып тұрған ВАЗ-21150 көлігінен 44 жастағы облыс тұрғынының мәйітін тапты. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалды.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT