«Павлодардан» шыққан 100-шақты өнім әлемнің дамыған мемлекеттеріне де тарайды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында 100-ден астам өнім түрі шығарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, өндірілген тауарлар Жапония, Оңтүстік Корея, ҚХР, ГФР, Италия, Польша, Иран, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз және Ресей мемлекеттеріне экспортталады.

«Павлодар» арнайы экономикалық аймағы 2011 жылы құрылды. Инвестициялық портфель 342,6 млрд теңгені құрайтын 50 жобадан тұрады. АЭА кәсіпорындарында 1805 жұмыс орны ашылып, 84,6 млрд теңге инвестицияланған. Оның ішінде, 21 млрд теңге - ­шетелдік инвестициялар. Жалпы экономикалық аймақта 208,6 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл ретте дайын тауарлар экспортының көлемі 103 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі таңда «Павлодар» АЭА – «World Free Zones Organization» Дүниежүзілік еркін аймақтар ұйымының толық құқықты мүшесі және Орталық Азия елдері бойынша өңірлік кеңсе мәртебесіне ие», - делінген ақпаратта.

«Павлодар» арнайы экономикалық аймағында химия, мұнай химиясы, металлургия және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы жобаларды іске асыруға бағдарланған инвесторлар үшін ерекше құқықтық режим белгіленген. Мәселен, бұл жерде каустикалық сода, хлор, тұз қышқылы және натрий гипохлоритін, автокөліктерге арналған жеңіл балқитын алюминий дискілерін, мотор майлары мен майлауға арналған материалдарды, белсендірілген көмір өндірушілері, басқа да өндіріс орындары нәтижелі жұмыс істейді.


Соңғы жаңалықтар