Павлодардағы жол апаты: Отағасы қаза тауып, әйелі мен төрт баласы - ауруханада

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Павлодар облысының тұрғыны көлігімен иесіз жылқыларды соғып, отбасымен жол апатына түсті. Салдарынан өзі көз жұмды, жүкті әйелі мен төрт баласы ауруханада жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат «ҚазАвтоЖол» компаниясына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға Павлодар облысы, Ақтоғай ауданы Ленинск-Ертіс-Русская поляна автожолында болған.

«13 қараша күні шамамен сағат 19:30-да «ВАЗ 21014» автокөлігінің жүргізушісі қатты жылдамдықпен қараусыз жылқыларды соққан. Ауыр соққыдан автокөлік аялдамаға соғылып, кейін жыраға құлаған. Салдарынан жүргізуші - 32 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмды. Марқұмның 29 жастағы жүкті әйелі мен 2014, 2015 және 2017 жылдары туған үш баласы түрлі жарақаттармен Ақтоғай аудандық ауруханасына жеткізілді. Әйелдің омыртқасы сынып, бас сүйегі мен миы зақымданған. Сонымен бірге дәрігерлер кесарь тілігін жасап, қыз бала дін-аман дүниеге келді», - деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің басшысы Маржан Ордабай.

Мәліметке сәйкес, жаңа туған сәбидің жағдайы тұрақты ауыр, қалған балалар түрлі жарақатпен травматология бөліміне жатқызылды. Олардың өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, жолға шыққан үй жануарларының иесін іздеп жатыр. Жоба бойынша, аталған жол бөлігінде арнайы қоршаулар қарастырылмаған», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар