Павлодардағы мектеп асханасында оқушылардың улануы: Тексеру нәтижесі белгілі болды

None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Шарбақтыдағы мектеп асханасында жаппай улануға қатысты тексеру нәтижесі белгілі болды. Материалдар полицияға жолданды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Санитарлық эпидемиологтар балалардың жаппай улануынан кейін Шарбақты ауданы орталығындағы №2 орта мектептің асханасын жоспардан тыс тексеруді аяқтады.

Мамандар микробиологиялық зерттеулер жүргізу үшін шайындыларды алған. Тамақ әзірлейтін қызметкерлердің тазалығы да тексерілді. Сондай-ақ суды, пайдаланылатын өнімдер – қарақұмық пен алма шырынын, көкөністерді тексерді. Бірақ зертханалық талдау нәтижелері қалыпты нормада болды.
Соған қарамастан заң бұзушылықтар анықталды. Санитарлық эпидемиологтар асхананың нашар залалсыздандырылатынын, ішінде шыбын-шіркей ұшып жүргенін, жеміс-жидек пен көкөністердің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты құжаттардың жоқтығын, аспаздың жұмыс істеуге рұқсаты болмағанын анықтады.
« Тексеру кезінде нақты берілетін тамақ мәзірге сәйкес келмеді. Ыдыс жууға арналған орында үш сатылы жуу көзделген. Үшінші бөлімде ыстық және суық су берілмейді. Тексеру кезінде тоңазытқыштар термометрсіз болған», - делінген хабарламада.

Шеттері кетілген табақтар, жарылған зат турайтын тақталар, аспаздың тырнақтары лакпен боялғаны да заң бұзушылық деп танылды.
Асханаға қызмет көрсететін жеке кәсіпкерге бұл ереже бұзушылықтарды түзетуге ұйғарым берілді. Тексеру материалдары полицияға тапсырылды. Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының бірінші бөлігі бойынша тергеу жүргізілуде. Кәсіпкерді 704 мың теңгеден астам айыппұл күтіп тұр.
Еске салайық, бұған дейін Шарбақты ауданындағы 9 оқушы астан уланып қалған болатын.


Соңғы жаңалықтар