Павлодардағы ақау шыққан жылу желісі бүгін толықтай жөнделіп бітеді

None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар қаласында бес көпқабатты үй мен 58 жеке тұрғын үй жылудан ажыратылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімдігінің мәліметінше, 18 желтоқсанда жылу желілерінде ақау пайда болған.

«Мамандар ақауды анықтады. Желтоқсанның 18-і күні кешке жылу желілері қайтадан қосыла бастады. «Павлодар жылу желілері» ЖШС мамандары жылу камерасындағы суды сорып алды. Жөндеу жұмыстары 19 желтоқсан күні таңертең басталды. Қазіргі уақытта жұмыс жүргізілуде. Орталық көшенің бойындағы 58 жеке және бес көпқабатты тұрғын үй жылудан ажыратылған болатын. Тұрғын үйлерді аралап, тұтынушыларға қабылданған шаралар туралы ескертілді. Мәселе бақылауда», - деп түсіндірді Павлодар әкімдігінен.

«Павлодарэнерго» АҚ жақын жерден өтетін кабельдік желілердің көптігіне және қолданыстағы желідегі ақауды жоюға техникалық мүмкіндіктің жоқтығына байланысты ұзындығы 40 метр жаңа желі тарту туралы шешім қабылданғанын айтты.

Компания залал толық жойылғанша жұмыс үздіксіз жүргізілетініне сендірді. Тұтынушыларды толық жылуға қосудың болжамды уақыты – бүгін, 20 желтоқсан, сағат 9.00.


Фото: Павлодар қаласының әкімдігі

Соңғы жаңалықтар