Павлодарда зорланған жетім қыз 10-қабаттан секіріп кетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Павлодарда зорлық көрген жасөспірім 10-қабаттан секіріп кетті. Қыз бала тірі қалды, бірақ денсаулығына қатты зақым келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл оқиға жайлы #НеМолчиKZ қоғамдық қорының басшысы Дина Таңсәрі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«16 жасар қыз бала 10-қабаттағы терезеден секіріп кетті. Ағаштар аман қалуына септігін тигізген, бірақ оған қатты зақым келді.

Қыз баланы пәтерге алдап кіргізіп алғандар зорлаған. Қорлыққа төзе алмаған ол терезеден секіріп кетті.

Ең қиыны, ол қыз жетім. Павлодардағы жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушісі. Бізге оның жалғыз жақыны – жуырда ғана кәмелетке толған әпкесі хабарласты. Қазір оның құжаттарын тездетіп жәбірленушінің қамқоршысы ретінде рәсімдеу керек», - деп жазады ол.

Белгілі болғанындай, сол күні ол туған күнге барған. Отырыс ұнағамандықтан, шығып кетіпті. Әпкесінің үйіне бармақ болған. Бірақ, қаланы дұрыс білмегендіктен, адасып кетеді. Жолда үш жігітті кездестіреді. Олардың бірі әпкесінің сыныптасы болып шығады. Ол такси шақырып беретінін айтып, өзімен бірге алдап ертіп әкетеді.

Қыздың денсаулығына қатты зақым келген. Оған 4 рет ота жасалыпты. Қазір көру және есте сақтау қабілеті нашарлап барады.

Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл іс Павлодар облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.

Күдіктілер ұсталып, қамауға алынған. Бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды. ҚР ҚК 120-бабының 3-1-бөлігі, 121-бабының 3-1-бөлігі және 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар