Павлодарда зиялы қауым өкілдері елорданы көшіру кезіндегі оқиғаларды еске алды

None
Фото: cbspvl.kz
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар қалалық орталық кітапханасының О.Сүлейменов атындағы оқу залында «Елорда - тарих айнасында» атты тарихи шара өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Жиынға астанамыздың Алматыдан Ақмолаға көшірілген сәтінен бастап қадамына куә болып келе жатқан зиялы қауым өкілдері мен елордамызбен бірге өсіп, өркендеп келе жатқан жастар қауымы, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, «Жасыл ел» студенттік құрылыс және жастар жасақтары штабының өкілдері қатысты.

Шара барысында елордамызға арналған «Ел жүрегі – астана» атты бейнефильм көрсетіліп, ән өнерінің облыстық лауреаты Құралай Уақпаева ән шырқады.
Жиында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Май ауданының Құрметті азаматы, «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Рашид Бектеміров ел астанасын көшіру мәселесі үш жыл қарастырылғанын атап өтті.
- Сол кездегі Президентіміз 1994 жылы ұсыныс жасап, депутаттар 1997 жылы қолдаған болатын. Ол кезде халықта жағдай жоқ, тұрмысы нашар болды. Онсыз да жағдай нашар кезде бұл көш қажет емес деген адамдар да болды. Ал, қазір елордамызбен әлемге мақтана аламыз, - деді Рашид Бектеміров.

Сонымен қатар, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудармашы Серік Сатыбалдин ел арасындағы мақалдың астанамызға байланысты өзгергенін тілге тиек етті.
- Кезінде «немістер – Германияға, қазақтар – Екібастұзға көшіп жатыр» дейтін едік. Қазір «қазақтар астанаға көшіп жатыр» дейтін болдық. Еліміздің әр өңірінен көбі осы елордаға қоныс аударуда. Одан бөлек, елорда тұрғындарының басым бөлігі – қазақтар. Осыған қарап қуанасың. Еліміздің жүрегі – елордада бәрі қазақша болса, қалған өңірлер де түзелер, - деді Серік Сатыбалдин.

Аталмыш шараға Ақсу қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Светлана Кондыкерова, Павлодар облыстық «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова да қатысып, астанамыз жайлы өз естеліктерімен бөлісті.
Сондай-ақ кітапхана қорындағы кітаптардан және мерзімді басылымдардан дайындалған «Еңсесі биік Елорда» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.


Соңғы жаңалықтар