Павлодарда жыл соңына дейін мерекелік трамвай қатынайды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодарда Наурыз мейрамы күндері жолға шыққан әсем безендірілген трамвай жыл соңына дейін қатынайтын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің бұл бастамасын Наурыз мерекесіне және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап отыр.

«Тәуелсіздік жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында елімізде тұрып жатқан барлық этностар ҚХА қамқорлығымен өздерінің салт-дәстүрлерін дамытуға мүмкіндік алды. Біздің этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдарының өкілдері қала тұрғындары мен қонақтарын Наурыз мерекесімен құттықтайды», - дейді ҚХА хатшылығының меңгерушісі Айнұр Раисова.

«Ватан» әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Махмудов Джафар ұзақ жылдар бойы трамвай басқармасында жұмыс істеген. Ол Ассамблея трамвайы мереке қарсаңында әсемделіп, жыл соңына дейін жүретінін айтты.

«Біз алғашқы сапарымызды №2 маршрут бойынша бастауды ұйғардық. Алдағы уақытта ҚХА трамвайы №5 бағыт бойынша жүретін болады», - дейді Джафар Махмудов.



Мерекелік себепке орай №102 вагонды «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ Басқарма төрағасы Мүслім Джафаров өзі жүргізді. Ол еңбек жолын 1988 жылы трамвай басқармасында үшінші класты трамвай жүргізушісі болып бастаған еді. Ассамблеяның жастар ұйымының мүшелері жолаушыларды Наурыз мейрамымен құттықтап, тәтті сыйлықтар таратты. ҚХА шығармашылық ұжымдары домбыра мен сырнайдың сүйемелдеуімен қазақ халық әндерін орындап, оларға мерекелік көңіл-күй сыйлайды.


Соңғы жаңалықтар