Павлодарда жұмыспен қамту орталығы бюджет қаржысын ысырап еткен

None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Әлеуметтік жұмыс орындарына субсидия беру, жалға берілетін тұрғын үй мекенжайлары бойынша қоныс аударушыларды тіркеу жұмыстары ендігі жерде мұқият қадағаланады. Павлодар облысы әкімдігінде әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Дархан Құрақбаев атап өткендей, талдау нәтижесі бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысында 30-дан астам бұзушылық анықталды.

Мысалы, бизнесті дамытуға мемлекеттік грант қаражатын үшінші тұлғалардың шотына аудару, бір қатысушыға екі рет грант беру, сондай-ақ тұрақты жұмыс орны бар тұлғаларға грант беру фактілері бар.

Осы бұзушылықтар үшін 5 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 2 адам қызметтен босатылды.

Әлеуметтік жұмыс орындары мен қоғамдық жұмысты ұйымдастыру бойынша 20-дан астам бұзушылық анықталып, оның 14-і расталды.

Халықты жұмыспен қамту орталықтарының 8 қызметкеріне тәртіптік жаза қабылданды және 4 қызметкер қызметінен босатылды.

Мысалы, Екібастұзда жұмыспен қамту орталығы шаруа қожалықтарының біріне шын мәнінде Қазақстаннан тыс жерде болған және фермер ретінде жұмыс істей алмаған адам жұмысқа орналастырылған.

Бұл жағдайда жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушіні ағымдағы жылдың соңына дейін 420 мың теңге сомасында заңсыз төленген субсидияны өтеуге міндеттеді.

Тағы үш азамат іс жүзінде Екібастұз және Павлодар қалаларының жұмыспен қамту орталықтары жұмысқа орналастырған объектілерде жұмыс істемеген, ал, олардың жалақысы шамамен 1 млн теңге сомаға субсидияланған.

Осындай фактілер Железин ауданында да орын алған.

Сонымен қатар, Дархан Құрақбаевтың айтуынша, жұмыс орны мен тұрғылықты жері бойынша қоныс аударушыларды бақылау тиісті деңгейде жүргізілмейді.

Осыған байланысты бейінді басқармаға жалға берілетін тұрғын үйге субсидия беру рәсімін егжей-тегжейлі регламенттеу ұсынылды.

Өңір басшысы Асайын Байханов жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына және қалалар мен аудандардың әкімдеріне барлық ұсынымдардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мамандарын тарта отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне егжей-тегжейлі ішкі талдау жүргізуді тапсырды.

Бұдан басқа, тиісті басқармаға бизнес-жобаларды іріктейтін комиссия отырысында міндетті бейнетіркеуді ұйымдастыру бойынша ұсыным әзірлеу, сондай-ақ, қоныс аударушылар мен қандастардың облыс аумағында тұру-тұрмауына оңтайлы мониторинг жүргізу тетігін айқындау тапсырылды.


Соңғы жаңалықтар