Павлодарда жасөспірім қыз өртенген үйден сіңлілерін терезеден алып шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысында 14 жастағы қыз өртке оранған үйдің терезесі арқылы екі сіңлісін алып шықты. Оқиға салдарынан бір адам мерт болды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«21 ақпан күні сағат 15.29-да өртке қарсы қызмет Карл Маркс көшесіндегі екі пәтерлі жекеменшік тұрғын үй өртеніп жатқаны туралы хабар алды. Сағат 15.37-де құтқарушылар оқиға орнына жеткен кезде пәтерлердің бірінде киім-кешектер, жиһаздар мен ағаштан тұрғызылған аралық қабырғалар, сондай-ақ үйдің ағаш конструкциялары жанып жатқанын анықтады. Тілсіз жаудың таралуы 16.35-те тоқтатылып, толығымен 19.51-де ауыздықталды. Жалын шарпыған аумақ 120 шаршы метрді құрады. Өрт сөндірушілер 4 газ баллонын алып шықты. Оқиға орнында 1948 жылы туған ер адамның жартылай күйік шалған денесі табылды», - деді Н.Нұрахметов.

Сондай-ақ ресми өкілдің айтуынша, өрт сөндірушілер жеткенше үйде болған 14 жастағы қыз жалындаған үйдің терезесінен 2015 жылы туған екі сіңлісін алып шыққан.

«Өрттің шығу себебі мен шығын көлемі анықталуда. Жалынмен күреске Павлодар облыстық ТЖД-ның 22 адамы мен 9 техникасы жұмылдырылды», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар