Павлодарда жарылған жылу желісі қалпына келтірілді

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодардағы жылу желісі қалпына келтіріліп, жылу жіберу жұмысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Павлодар облысы әкімдігі таратқан мәліметке сенсек, «Павлодар жылу желілері» ЖШС бір күн ішінде облыс орталығын жылумен қамтып, пәтерлердегі температураны қалыпты деңгейге жеткізуді жоспарлап отыр.

28 қараша күні Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов бірінші жылу электр орталығындағы апат салдарын жою барысын тексерді. «Павлодар жылу желілері» ЖШС өкілдері жылу жүйесіне ыстық су жіберіле бастағанын хабарлады.

- Құбырға жіберілген су мен желдегі су температурасы теңелген кезде, біз жылуды үйлерге жібере бастаймыз. Жүйені толтырып, оны жылыту үшін бізге шамамен төрт сағат қажет. Одан кейін біз ЖЭО-3 қысымын төмендетеміз, учаскелерді бірінші жылу электр станциясына кері ауыстырамыз, сонымен қатар осы станциядағы параметрлер мен қысымды көтереміз. Бастысы, біз қаладағы, сырттағы, үй ішіндегі жылу құбырларының аязда қатып қалмауын қамтамасыз еттік, - деп хабарлады кәсіпорын басшысы Марат Иманаев.

Өңір басшысы қалпына келтіру жұмыстарының қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды.

- Қала тұрғындары жылуды күтіп отыр. Қала толық жылумен қамтылмайынша, қызметкерлеріңіз штаттан тыс жағдай режимінде жұмыс істеуі тиіс,- деді әкім.

«Павлодар жылу желілері» ЖШС облыс орталығы 28 қараша күні кешке жылумен толық қамтылатынын атап өтті.

Еске сала кетейік, кеше Павлодарда жылу желісі жарылып, көпқабатты үйлер басқа желіге қосылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар