Павлодарда жаңа онкодиспансер мерзімінен бұрын тапсырылмақ

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда жаңа онкодиспансер мерзімінен бұрын іске қосылмақ. 227 орындық орталық пен ауысымына 100 келушіге арналған емхананың құрылысы 70% аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, онкодиспансердің құрылысына жеті миллиард теңге бөлінді.

«Бүгінде бұл қаражатқа операциялық-реанимациялық, радиациялық және патологоанатомиялық корпустар, 227 орындық стационар, ауысымына 100 келушіге арналған емхана, бақылау-өткізу пункті, медициналық қалдықтарды кәдеге жарату пункті, бес автомашинаға арналған көлікжай және жылумен қамтамасыз ететін орынға үш қазандық орнатылды. Қазіргі уақытта мердігер әрлеу жұмыстарын жүргізіп, аумақты абаттандыруға кірісті. Нысанды мердігер белгіленген мерзімнен бұрын тапсыруды көздеп отыр», - деп атап өтті өңірлік құрылыс басқармасы күрделі құрылыс бөлімінің басшысы Абылай Мұшкенов.

Мамандардың айтуынша, аталмыш жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы жақсарады, өлім-жітім көрсеткіштерінің төмендеуіне, ерте диагностика көрсеткіштерінің артуына, Павлодар облысында онкологиялық науқастарды мамандандырылған көмекпен қамтуға әкеледі.

«Медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуға бюджеттен 2,8 миллиард теңге бөлінді. Емхана бөлімшелерінің дәрігерлік кабинеттері сәулелік, ультрадыбыстық және магниторезонанстық мазмұндағы қазіргі заманғы диагностикалық аппараттармен, сондай-ақ экспресс-диагностика үшін биологиялық материалдарды эндоскопиялық және аналитикалық зерттеулермен жабдықталады», - деп атап өтті құрылыс басқармасында.

Айта кетерлігі, стационардың бірінші қабатында клиникалық-диагностикалық зертханалар, операциялық-реанимациялық корпустың екінші қабатында бес бейінді операциялық, үш наркоздық, төрт операцияалды және екі аппараттық-мониторлы операциялық бөлімше болады. Үшінші қабатта реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі орналасқан.

Соңғы жаңалықтар