Павлодарда заңсыз көмір сататын бірнеше орын анықталды

None
None
ПАВЛОДАР.ҚазАқпарат - Облыс орталығында рұқсатсыз кәсіпкерлікпен айналысқан және белгіленбеген орында көмір сатқандарға ескерту жасалуда, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

 Қала әкімінің орынбасары Аян Бейсекин көмір бағасын тұрақтандыру үшін арнайы топ жұмыс жасап жатқанын атап өтті.

«Көмірді заңсыз сатушыларды анықтау бойынша арнайы топ жұмыс жасауда. Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысушылар рұқсат етілмеген жерлерде сатумен қатар, бағаларды қымбаттатуда»,-  деді Аян Бейсекин. Қазіргі уақытта арнайы топ қаланы аралауда. Онда қоғамдық ұйымдар, жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері бар. Топтың негізгі тапсырмасы - заң нормаларын түсіндіру. Жергілікті полиция қызметі және мемлекеттік кіріс органдары әкімшілік айыппұл салуға құқығы бар. Жалпы, қалада көмір тұрақты жеткізілуде. Жағдай бақылауда.

Көмір сатумен айналысатын арнайы рұқсаты бар «Элит KZ» ЖШС директоры Дастан Дәулетбаев сатып алушылардың азайғанын айтады. - Базамызда көмір қоры жеткілікті. Майкөбенің тоннасы - 12 мың теңге, қарағандылық Шұбаркөл - 17 мың теңге болса, Қаражыра - 13 мың теңгеден. Қыркүйек пен қазан айында келушілер көбейеді. Бүгінде ұзын-сонар кезек жоқ. Қазіргі уақытта күніне 20-30 машина келеді. Былтыр осы уақыттарда күніне 60-70 машина болатын. Не себепті азайып қалғанын білмейміз», - деді Дастан Дәлетбаев.  

Арнайы топтың кезекті рейдінде Суворов көшесінде рұқсатсыз көмір сататын 3 көлікті анықтады.

Рейдтік шара барысында Суворов көшесінде рұқсатсыз көмір сатып тұрған 3 көлік анықталды. «Мұндай жағдай ҚР Әкімшілік кодексінің 204-бабы бойынша рұқсат етілмеген жерде сауда жасау болып қарастырылады. Бірінші ретке ескерту бердік. Екінші рет ұсталған жағдайда 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады»,-дейді Павлодар қаласы ІІБ жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары, полиция майоры Мұрат Козкин.

Соңғы жаңалықтар