Павлодарда заңсыз алкоголь өнімін шығаратын жасырын цех анықталды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті жалған есепке алу-бақылау маркасымен заңсыз алкоголь өнімдерін дайындайтын жасырын цехты анықтады. Павлодар қаласындағы гараж кооперативтерінің біріндегі жасырын цехты жүргізген 31 жастағы ер адамды ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған факті бойынша Экономикалық тергеу департаменті ҚР ҚК 233-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Яғни, тергеу акцизделетін тауарларды акциздік маркалармен және есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалаудың тәртібі мен ережелерін бұзу, оларды қолдан жасау және пайдалану бойынша жүргізілуде.

«Тексеру барысында цехтан жалпы көлемі 1000 литрден асатын спирт араласқан 5 пластик бөшке мен канистрлер, 115 жалған есепке алу-бақылау маркалары, дайындалған өнімдер, «Пшеничная» арағының барлығы 400 данадан астам бос бөтелкелері, «Водка пшеничная» маркасындағы этикеткалар, және басқа да ішімдікті қолдан жасауға арналған жабдықтар табылды. Жалған алкоголь өнімі антисанитарлық жағдайда әрі «Тау» алкоголь өнімін шығаратын зауыттың өнімі ретінде өндірілген. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде, сараптама жасалады», делінген баспасөз баянында.

Осы оқиғаға байланысты Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті экономика саласында жасалған құқық бұзушылық туралы, соның ішінде алкоголь өнімінің заңсыз айналымы фактілері бойынша қандай да ақпаратты хабарлауды сұрайды. Телефон: 61-29-19, 61-33-05, сенім телефоны 61-56-76.



Соңғы жаңалықтар