Павлодарда заңға бағынбаған кәсіпкерлерден жалға алған жері қайтарып алынады

Фото: None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында шөбін шаппаған, өртке қарсы талаптарды орындамаған кәсіпкерлерден жалға алған жері қайтарып алынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде белгілі болғандай, бұған қыр жерлердегі шөптен шыққан өрттің орманға ұласуы себеп болды. Аймақтағы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Сағын Төлеутаев биыл орманға қауіп төндірген 30 дала өрті орын алғанын айтты.

«Оның ішінде 21 өрт Ертіс өзенінің алқабында орын алды. Көбінесе шаруа қожалықтарының ескі шөпті жағуы өрттің шығуына себеп болып жатады. Мұндай дала өрттерін сөндіру жергілікті әкімдіктердің және сол жерді пайдаланушылардың мойнында. Еріктілер мен өрт сөндіру бекеттерін пайдаланады. Ал, біз сол даладағы өрт орманға өтпеуі үшін барып көмектесеміз», - деді Сағын Төлеутаев.

Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев биыл 7 орман өрті тіркелгенін және оның бәрі дала өртінен жалғасып келгенін атап өтті.

«Негізі Ертіс өзенінің алқабында құрғақ шөпті өртеуге тыйым салынған. Ал, қырда шаруалар егер жалға алған жері орманмен шектессе, шөпті өртеуден бір тәулік бұрын орман қорғау қызметіне ескертуі тиіс. Ол шараға жауапты тұлғаны тағайындауы керек. Сондай-ақ өртейтін әр учаскесі 25 гектардан аспауы қажет. Егер 100 гектары болса, 25 гектардан 4-ке бөлгені жөн. Өртеп болған соң 3 сағат бақылап, қайта тұтанбайтынына көз жеткізгені дұрыс. Өртейтін аумағының шетінен 8 метр жер жырту талап етіледі. Өкінішке орай, шаруалар кететін шығынды ойлап, бұл талапты орындамайды», - деді Руслан Төлепбаев.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов жалға алған жерлерін бақылай алмайтындардан жер қайтарып алынатынын мәлімдеді.

«Ауыл шаруашылығының қолданысындағы жерді не үшін өртейді? Оған мемлекет жалға жер берген. Ол шөпті шаппайды да, көктемде жақсы шөп шығу үшін ескі шөпті өртейді. Біз енді монторинг жасаймыз. Әсіресе, Ертіс алқабындағы жерді қатаң бақылаймыз. Сосын жерді заңға сәйкес қайтарып аламыз. Әрине, біз бірден ала алмаймыз. Бірінші жыл ескертеміз. Егер ол шара қолданбаса, екінші жылы қайтарып аламыз. Ал, даладағы өрт орманға ұласқан кәсіпкерлер жерді жалдау келесімшартының талаптарын бұзды. Олар өз жерін бақыламаған. Сондықтан жер қайтарылады», - деді Мейрам Өтешов.

Оның айтуынша, қай жерге кім жауапты екенін білу үшін жерді жалға алып отырғандардың тізімі орман қорғау қызметіне беріледі. Кейде шаруа қожалықтары өз жерінде өрт болып жатқанын білмейді. Сондай жағдайда ескертіліп, олар да өртті сөндіруге атсалысуы тиіс.

Айта кетейік, 2020-2021 жылдары жалға алған жерлерінде уақытылы шөп шаппаған 5 кәсіпкерден жер қайтарып алынған.


Соңғы жаңалықтар