Павлодарда ұлы Абай мен ақын Естайға ескерткіш орнатылады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Келесі жылы Павлодар қаласында хакім Абайдың 175 жылдығына орай қазақтың бас ақынының және атақты жерлесіміз Естай Беркімбайұлына ескерткіш орнатылады, деп жазады ҚазАқпарат Saryarqa samaly газетіне сілтеме жасап.

Былтыр еліміз атақты Естай Беркімбайұлының 150 жылдығын кең көлемде атап өтті. Бұл үрдіс биыл да жалғасын табуда. Соңғы 9 жылдан бері көтеріліп келе жатқан, көрнекті әнші, ақын-сазгер, ҚазССР-ға еңбек сіңірген өнер қайраткері Естай ақынға арналған ескерткіш мәселесі оң шешімін тапты.

- Естай Беркімбайұлына арналған ескерткіш көптен бері ашық тақырып күйінде қалып келген еді. Облыс басшысы Болат Жұмабекұлының қолдауымен, өңірдің зиялы қауымдарының мұрындық болуы - мен бұл мәселе қайта көтеріліп, оң шешімін тауып отыр. Сәтін салса, 2020 жылы Павлодар қаласының көрікті жерінің бірінен Естай атамызға арналған ескерткіш бой көтеретін болады, - деді Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Самал Бегалинова.

Е.Беркімбайұлының ескерткішінің нобайына арналған байқауға Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларынан 6 автордан 9 жұмыс келіп түскен.

- Бүгінгі таңда облыстық комиссияның қарауында болып, ұсынылған 9 жұмыстың 3-уі іріктеліп, республикаға жіберілді. Таңдалған үш жұмыстың біреуі елордалық Азат Баярлинге тиесілі болса, екі жұмыс алматылық Данияр Сарбасовтікі. Айта кетерлігі, Данияр - Баянауыл өңірінің тумасы, өзіміздің жерлесіміз. Ендігі шешім - республикалық комиссияның құзырында, - деді Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыман.

Естай Беркімбайұлына арналған ескерткішті қалалық саябақтың Естай – Академик Бектұров көшелерінің қиылысатын тұсында орнату ұсынылған екен.

Алайда, өңір басшысы Естайдың ескерткішін қаланың көрікті әрі көзге бірден түсетін жеріне қоюды ұсынған. Алдағы уақытта ескерткіш бой көтеретін орынның ауысуы бек мүмкін. Ал оны орнатуға бюджеттен 50 млн теңге бөлінген.

Мамыр айында ара сөздің зергері болған хакім Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын жоғары деңгейде мерекелеу туралы жарлыққа ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойып, Үкіметке бірқатар тапсырма бергені есімізде. Ол қатарда Абайдың ескерткіші жоқ өңірлерге ақынның мүсінін орнату да бар еді.

- Алдағы уақытта Абай атамыздың 175 жылдығын мерекелеу бойынша атқарылатын істер аз емес. Олардың ішінде ескерткіш қою мәселесі басты назарда. Жуырда жарияланған байқауға Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе қалаларынан және Ресей астанасы Мәскеуден 9 автордан 11 жұмыс келіп түсті. Аймақтық комиссия мүшелері олардың ішінен 3 жұмысты таңдап алып, республикалық комиссияның қарауына жіберді. Мұндағы таңдап алынған авторлардың барлығы - бас қаланың мүсіншілері. Олар - Асқар Нартов, Тоқтар Ермеков және Бақытбек Мұхамеджанов, - дейді М.Нұғыман. Сонымен, Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш облыс орталығындағы Абай – Кривенко көшелерінің қиылысында орнатылады деп күтілуде. Ескерткіш орнатуға 70 млн теңге бөлінген.

Бұдан бөлек, павлодарлықтар Нұр-Сұлтан қаласына академик Қаныш Сәтбаевтың ескерткішін сыйға тартпақ. Қаныш ескерткіші бойынша да облыстық комиссияның отырысы өтті. Оған 7 автордан 7 нобай ұсынылған. Олардың ішінен нұрсұлтандық Асқар Нартов пен алматылық Айдос Бүркітовтің жұмыстары таңдалып алынған. Ол да республикалық комиясының қарауына жіберілмек.

Аталған жұмыстар бойынша Павлодар қалалық әкімдігі Facebook парақшасында былай деп хабарлама қалдырған:

- Жұмыс авторларына Қаныш Сәтбаевтың Отанына шексіз сүйіспеншілік, Абай Құнанбаевтың философиялық ойының тереңдігі және Естай Беркімбаевтың жанының лирикасын көрсету міндеттелген. Кездесу қорытындысы бойынша болашақ монументтер жобаларының үздік нұсқалары іріктелді, - делінген жазбада.

Мамандардың айтуынша, республи-калық комиссиясының қорытындысы алдағы аптада шығуы тиіс.

«Байқау туралы ғаламтордан оқып білдім. Туған жерімде қолға алынып жатқан ауқымды іске өз үлесімді қосуды мақсат етіп, бірден 3 алыптың ескерткішінің нобайын жасауға кірістім. Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне 1, Абай Құнанбаевқа 2, Естай Беркімбаевқа 3 жұмысымды жіберген едім. Қазір Естай атамызға арнап салған 3 нобайдың екеуі облыстық кезеңнен өткен екен. Егер республикалық комиссия менің еңбегімді бағалап, туған қаламның төрінен менің жұмысымды, яғни Естай атамыздың ескерткішін орнатып жатса, бұдан асқан бақыт жоқ!», - дейді мүсінші Данияр Сарбасов.

Авторы Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

фото: saryarka-samaly.kz
Соңғы жаңалықтар