Павлодарда туризм саласында 5 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бар

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Ғалымдар Павлодар облысында туризмді дамытудың өз нұсқасын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Павлодар облысының әкімдігінде бейінді басқарма ғалымдар тобымен бірлесіп, «Мықты ЖОО - мықты өңір» бағдарламасы шеңберінде әзірленген туризмді жыл бойы дамыту тұжырымдамасын таныстырды.

Авторлардың айтуынша, 2025 жылға дейін облыста туристік қызмет көлемін 11 есе арттырып, 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға болады.

Ғалымдар облыс туризмінің ең тартымды бағыттарын анықтап, әрбір қала мен аудан үшін іс-шаралар жоспарын дайындады, туризм саласындағы мамандарды оқытуды қарастырды.

Айта кету керек, құжатты ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің туризм индустриясы комитеті мен тәуелсіз сарапшылар да оң бағалап отыр.

- Емдеу-сауықтыру, қасиетті және өнеркәсіптік туризмнің негізгі бағыттары болады, - деп TORAYGHYROV UNIVERSITY география және туризм кафедрасының профессоры Ғалымбек Ажаев өз ұсынысымен бөлісті. - Павлодарда сәулет ескерткіштері арқылы өтетін, Астана көшесі бойымен Толстой және Естай көшелерінің арасында, сондай-ақ Усолка шағын ауданындағы су туризмі орталығында жаяу жүргіншілер бағдарын құру қажет. Сондай-ақ, нұсқаушылардың, балалар мен жасөспірімдер секцияларының тұрақты жұмысын ұйымдастыруды және жүзу құралдарын сақтауға арналған эллингтер ұйымдастыруды ұсынамыз.

Ғалымдар Баянауыл ауылында, Жасыбай және Сабындыкөл көлдерінде сумен жабдықтау және су бұру жұмыстарын жүргізу қажет деп есептейді. Тұжырымдама Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр көлдерінде, Мырзашоқы тау шаңғысы базасында толыққанды демалыс базаларының құрылысын көздейді.

Сондай-ақ, ғалымдар қалалар мен аудандарда филиалдары болатын Павлодар облысының туристік ақпараттық орталығын құруды ұсынды.

Аққулы ауданындағы Тұзқала көлінің жағасында балшықпен емдеу орталығын салу туралы да ұсыныс бар, ал Шарбақты ауданындағы Маралды көлінің базасында балшық пен тұзды су қоймасының бальнеологиялық қасиеттеріне зерттеу жүргізу қажет.

Торайғыр көлінің жанындағы ауыл туризмін дамыту шеңберінде этноауыл құрып, атпен, тауға өрмелеу және балық аулау арқылы шытырман оқиғалы маршруттар әзірлеу жоспарланып отыр.

Жарылғап және Қаражар ауылдарында емдік қымыз фермасын, ал Железин ауданындағы «Пахарь» шаруа қожалығы базасында агротуристік демалыс аймағын салу ұсынылды.

- Өңірдегі қазіргі мүмкіндіктер тәулігіне 6 мыңға жуық туристі қабылдауға мүмкіндік береді, бұл ретте негізгі өндірістік қуаттар Павлодар қаласы мен Баянауыл ауданында орналасқан, - деп хабарлады Ғалымбек Ажаев. - Ұсынылып отырған тұжырымдаманы іске асыру кезінде 2025 жылға дейін Павлодар облысында туристік саланың 75% кешенді түрде әртараптандырылады, ал туристік қызметтер көлемі 11 есе артады. 5 мың жұмыс орны құрылады, ал ЖӨӨ-дегі туристік саланың үлесі 1%-ға жетеді.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов өз ұсыныстарын жеткізді. Оның пайымдауынша, елді мекендердегі мәдени нысандарды танымал ету қажет.

- Мысалы, адамдар Павлодарға барғанда біздің мұражайларды, театрларды, ескерткіштерді көріп, камераға естелік орын түсіргісі келеді. Сондықтан әр қонақ біздің көрікті жерлеріміз туралы ақпаратты оңай таба алуы үшін туристерге ақпарат беру туралы бөлімді пысықтау қажет, - дейді әкім.

Айта кетейік, осындай құралдардың бірі TourismPVL қосымшасы Android базасында қолжетімді. Қосымшада негізгі нысандар, пойыздар мен автобустардың маршруттық қызметтері туралы ақпарат бар, сонымен қатар оның көмегімен қонақ үйден орын брондауға болады.
Тұжырымдаманы талқылауға эколог Светлана Могилюк қатысты. Оның пікірінше, құжатта қоршаған ортаны қорғауға ерекше назар аудару керек.
- Ормандарда өрттің шықпауын, су объектілерінің ластанбауын ескеру керек, - деді Светлана Могилюк. - Туристер Усолка мен Ертіс жағалауларын қалай ластайтынын бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан туризмді дамыту тұжырымдамасын қоршаған ортаға әсер ету тұрғысынан пысықтау қажет.

Әбілқайыр Сқақов авторларға айтылған ұсыныстарды ескере отырып, өңірде жыл бойы туризмді дамыту тұжырымдамасына өзгерістер енгізуді және бір ай мерзім ішінде бекітілген іс-шаралар жоспарын енгізіп, жаңартылған құжатты ұсынуды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар