Павлодарда тұратын оқушысы 5 тілде сөйлейді

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар қаласында тұратын 14 жасар оқушысы 5 тілде сөйлейді. Бұл туралы ҚазАқпарат Рavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қаладағы дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның 8-сынып оқушысы Зада Аяла қазақ, орыс, ағылшын, неміс, қытай тілдерінде сөйлей алады.


Сонымен қатар ол фортепианода жақсы ойнап, лингвистикалық интерференцияның екі шет тілін үйренудегі конструктивті және деструктивті жақтарына арналған ғылыми жоба жазып жүр. Дарынды қыздың тіл үйренуге деген қызығушылығы кішкентай кезінен бастап оянған.
« Қазір жастар көп тілді білуі керек. Білімді болсаң ғана мақсатыңа жетесің, туған еліңді әлемге таныта аласың. Анам ағылшын тілі пәнінен студенттерге сабақ береді, әкем спорт саласында. Кейде отбасымызда анаммен ағылшын тілінде де сөйлесеміз. Қазір неміс тілінен олимпиадаға дайындалып жүрмін. Әлемде ағылшын, қытай тілдерінде сөйлеушілердің саны артуда. Сондықтан осы тілдерді меңгеріп ғана қоймай әрі зерттеу керек»,- дейді Зада Аяла.

Талантты шәкірт көп тілді үйрену қиын деген пікірмен келіспейді.
« Егер алдыңа мақсат қойсаң ол мақсатың жолында барлық кедергілерді жеңе білуің керек. Есте сақтау қабілетің арттыру үшін арнайы жаттығулар жасауға кеңес беремін.Тілді үйренудің жолы көп. Өзім оқу орталықтарына барып ғана қоймай, түрлі тілдерде фильм көріп, ән тыңдағанды ұнатамын. Интернетте тіл үйренушілерге арналған түрлі онлайн сабақтар да бар. Қытай тілі - қиын тілдердің бірі. Сондықтан қытай тілімді қазіргі таңда тереңірек үйреніп жүрмін. Отбасымызда әпкем Алуа да төрт тілді біледі», - дейді ол.


Дарынды шәкірттің ұстазы Шамшырақ Қыдырбаеваның айтуынша, Аяла 7-сыныпта оқи жүріп, 9-сыныптың атынан олимпиадаға қатысып жүлделі 3-орынға ие болған.
«Отыз жылдан бері білім саласында жұмыс істеймін. Осы уақыт аралығында қаншама мықты шәкірттерді дайындап шығардық. Аяла секілді талантты шәкірттермен жұмыс жасау бала тәрбиелеуге жігер береді. Оның бойындағы өмірге деген құштарлық, жаңа нәрсені ұғынуға талпыну әр балаға үлгі болуы керек», - дейді Шамшырақ Бекеновна.


Соңғы жаңалықтар