Павлодарда төрт музыкалық мектеп біріктірілетін болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодардағы №2 музыкалық мектептің педагогтары мен ата-аналар енгізіліп жатқан жаңашылдықтарға қатысты алаңдаушылық танытуда, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Білім ордасының директоры Лаура Темірғалиева алдағы күндері мектепке қала әкімінің қалалық үш мектеп пен Кенжекөл музыка мектебінің біріктірілуі туралы қаулысы келгенін айтады. 

- Біздің ұстаздар бірнеше мектепте жұмыс істейді, - дейді Лаура Темірғалиева. - Оңтайландыру сағат санының қысқаруына, соған сәйкес еңбекақының азаюына әкеледі. Бізге басшылар мен екі орынбасары, есепшілер қысқартылатыны туралы айтты. Кейбір ұстаздар жаңашылдыққа байланысты жұмыс істеуден бас тартуда.

Қала әкімдігі оңтайландыруды 11 қарашада жүргізбек. Ата-аналар болса әкімнің қаулысына қатысты сотқа шағым жолдауға дайын екендері туралы хабарлаған. 

Мәселенің мән-жайы туралы Павлодар қаласының білім беру бөлімі түсіндіріп берді.

- Мектеп ғимаратын ешкім тартып алмайды, - дейді қалалық білім беру бөлімінің сектор меңгерушісі Айгүл Төлектемірова. - Ешкім қысқартылмайды. Ғимарат та сол қалпында қалады. Музыка мектебінің жетекшілері өз бөлімшелерінің меңгерушісі, орынбасарлар қосымша білім беру педагогтары болып ауыстырылады. Бір ғана директор болады және ол конкурс негізінде таңдалады.

Сектор меңгерушісі бұдан басқа қаладағы екі  мектеп те оңтайландырудан өтетіні туралы айтады. Қамзин көшесі, 78 мекенжайы бойынша орналасқан № 2 музыка мектебі 1960 жылы алюминий зауытының қызметкерлері үшін ашылған. Бүгінде бұл мектепте 375 тәрбиеленуші 15 мамандық бойынша білім алуда.

 

 

Соңғы жаңалықтар