Павлодарда терроризмге және билікті басып алуға үндеу күдігімен 3 адам ұсталды

Фото: None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысында қаңтар айының басында терроризмге және билікті күшпен басып алуға үндеді деген күдікпен 3 адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Онлайн баспасөз мәслихатында Павлодар облыстық Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров «Қаңтар оқиғасына» қатысты мәліметтерді жария етті.

«4 қаңтарда әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында белгілі бір тұлғалар 5 қаңтар күні митинг ұйымдастырып, өткізуге шақырып жатқанын анықтадық. 5 қаңтар күні сағат 14:00-де 1500-ден астам адам орталық алаңға келді. Олардың ұйымдасқаны байқалады. Олар жергілікті атқарушы органдарға өз талаптарын айтты. Облыс және қала әкімі алдарына шығып, талаптарын тыңдады», - деді Жасқайрат Қайыров.

Алайда, жергілікті атқарушы орган өкілдері сөйлеп жатқан кезде облыстық әкімдік ғимаратын күшпен басып алуға үгіттеп, айқайлаған дауыстар шыға бастаған.

«Сағат 17:00 шамасында олар облыс әкімдігі ғимаратының қоршауын бұзып өтіп, полиция қызметкерлеріне тас, таяқ, бөтелкелер лақтырды. 15 минут ішінде әкімдікке кіреберіс есіктегі металлопластикалық қорғанысты сындырды. Шыны есіктерді сындыру арқылы әкімдіктің фронт офисіне кірді. Бұл кезде әкімдіктің кіре берісінде полиция қызметкерлері тұрған болатын. Тағы да қосымша күштің келуімен кірген топ ығыстырылды», - деді Жасқайрат Қайыров.

Жаппай тәртіпсіздікті болдырмау мақсатында арнайы жоспар құрылып, әрі қарай Ұлттық ұлан әскері жиналғандарды Абай ескерткішіне қарай ығыстырып, психологиялық әсер ету үшін жарықтық-шу гранаталарын қолданған. Содан кейін агрессивті топты Қайырбаев – Мәшһүр Жүсіп, Сәтбаев – Торайғыров көшелерінің қиылысына дейін шегіндіру мүмкін болған.

«Қарақшылыққа жол бермеу үшін полиция күзеттері сауда үйлерінің маңында орналастырылды. Қаржы операциясы үздіксіз жүріп тұру мақсатында банктер мен банкоматтар күзетке алынды, қалалық және ауылдық жерлерде қолма-қол ақша болуы үшін инкассаторларға ілесіп жүру жүзеге асырылды», - деді Жасқайрат Қайыров.

Мәлім етілгендей, «қаңтар оқиғасы» кезінде арнайы операцияның бірінші күні 150 адам ұсталып, олар қосалқы іріктеу пунктіне жіберілген.

«Павлодар қаласындағы сотқа митингіге қатысқандарға қатысты 1282 материалы жіберілді. 324 адам 15 тәулікке дейін қамауға алынды. Екібастұз қаласы мен Баянауыл ауданында қоғамдық тәртіпті бұзуға жол берілген жоқ», - деді Ж. Қайыров.

Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, Павлодарда қаңтардағы митингіні ұйымдастырды деген күдікпен 3 адам анықталған. Оларға қатысты 2 қылмыстық іс қозғалды.
«Тергеу жүріп жатқандықтан мән-жайын ашып айта алмаймын. 3 ұйымдастырушыға қатысты ҚР ҚК 255-бабы «Терроризм актісіне» қатысты және 179-бабы «билікті басып алуға әрекет жасау және соған шақыру» бойынша тергеу жүргізілуде», - деді Жасқайрат Қайыров.

Департамент басшысының бірінші орынбасары митинг кезінде ешбір полиция қызметкері және көлігі зардап шекпегенін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар