Павлодарда суға бата жаздаған ер адам құтқарылды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Ертіс өзеніне батып кете жаздаған павлодарлықты құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«1983 жылы туған ер адам спиртті ішімдіктің әсерімен абайсызда суға түсіп кеткен», - дейді Павлодар облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағының өкілдері.

Құтқарушылардың айтуынша, Павлодар тұрғыны №2 қалалық аурухана маңында өзенге құлаған. Көмек сұраған айғайды естіген құтқарушы Дәурен Әділханов дауыс шыққан жаққа қарай жүгіре жөнелген, құтқару желетін де жолда киген.

«Суға батып бара жатқан жігітті көрген Дәурен бірден өзенге секірген. Осы кезде құтқарушы Михаил Тисленко да моторлы қайықты оталдырып, оқиға орнына жедел аттанған», - дейді ТЖД өкілдері.

Департаменттегілердің айтуынша, судағы қайғылы оқиғалардың сексен пайызы адамдардың мас күйде шомылуынан болады.

Соңғы жаңалықтар