Павлодарда сенбілікте жиналған жапырақтардан отын брикеттері өндірілмек

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарлық ғалым жерге түскен жапырақтарды пайдаға жаратудың тиімді жолын ойлап тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің PhD докторы, жылу энергетикасы кафедрасының профессоры Амангелді Карманов сенбілік кезінде жиналған жапырақтардан сығымдалған отын брикеттерін жасайды.

«Павлодар облысында жыл сайын сенбілікте 14 мың тоннаға дейін түскен жапырақтар жиналады. Сол жапырақтардан отын брикеттерін жасаймыз. Брикеттердің жануынан алынатын жылу 4500 кКал/кг құрайды. Оның қуаты Екібастұз көмірінен (4200 кКал/кг) асып түседі. Күлі бақтарда тыңайтқыш ретінде қолданылады. Жоба ғылыми тұрғыдан дәлелденіп, патент алынған. Сондай-ақ, брикеттерді жағуға қазандық ойлап шығардық. Әзірге ешбір жерде орнатылмаған. Алдағы уақытта грант ұтып алуды жоспарлап отырмыз», - дейді Амангелді Карманов.


Профессордың айтуынша, бұл өнімге көбінесе төтенше жағдайлар қызметі тапсырыс береді. Себебі, ағашпен салыстырғанда салмағы жеңіл әрі тасымалдауға өте ыңғайлы.

«Қондырғыны қою үшін 25 млн теңге керек. Бұл қаржы 4 жылда өтеледі. Күн сайын сағатына 200 келі шығаратын қондырғылар болады. Сенбілік кезінде көліктермен қоқысқа шығарылатын жапырақтар ауаға көмірқышқыл газын бөліп, қоршаған ортаны ластайды. Ал сол жапырақтарды пайдаға жаратудың тиімді жолы бар. Осындай брикеттерді жағуға арналған автономды пеш Ленин кентінде орнатылған», - дейді ол.

Еске сала кетейік, 2016 жылы Павлодарда ұзақ уақыт жанатын әрі тозаңы аз брикеттелген көмір өндіру цехы іске қосылған. Кәдімгі көмірге қарағанда жылуды 4-5 есе көп беретін және оны 8 сағатқа дейін сақтайтын брикеттердің екі түрі шығарылады. Отандық өнім Ресейдің Алтай, Новосібір және Омбы өңірлеріне тасымалданады.

Соңғы жаңалықтар