Павлодарда сатылып жатқан қарбыз бен қауынды жеуге болмайды - БАҚ

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында сатылып жатқан қауын-қарбыздардың құрамындағы нитрат мөлшері нормадан бірнеше есе көп болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Павлодар облыстық департаменті бақша дақылдарының құрамындағы нитратты тексеру акциясын өткізуде.null

«Қазір қарбыз бен қауынның құрамындағы нитрат мөлшерін анықтаудамыз. Жыл сайын осы кезеңде оңтүстік өңірлерден әлі піспеген бақша дақылдары жеткізіледі. Олардың нитраттарын тексереміз. Өткен жылы жаз бойы 800 сынама алынып, 20-дан астамынан нитраттың мол мөлшері анықталған болатын. «Торпедо» қауынында 2-3 есе көп нитрат анықталған», - деді департаменттің бөлім басшысы Гүлнәр Ақылбекова. null

Биыл нитрат бойынша тексеру акциясын департамент өкілдері Павлодар қаласындағы «Рахмет» базарынан бастады.

«Бұл базардағы қарбыз бен қауындарда нитраттың мөлшері 2-3 есе көп болып шықты. Норма бойынша қарбызда - 60 миллиграмм, қауында 90 миллиграммға дейін нитрат болу керек болса, бұндағы өнімдерде 200-ден басталып, 300 миллиграмнан асады. Нормаға сай келетін ешқандай өнім жоқ. Енді өнімдердің облыста таралмауы үшін шара қолданамыз. Бұлар еліміздің оңтүстік өңірлерінен келген өнімдер. Жеткізілген көліктердің нөмірін жазып алдық. Оңтүстік әріптестерімізге хат жібереміз. Жергілікті әкімдікке, ауыл шаруашылығы басқармасына және полиция департаментіне шара қолдану жөнінде ескертеміз. Сондай-ақ көшелердегі сатылым орындарын да аралаймыз. Тұтынушылардан Омбы тас жолында, Саяжайда сатылып жатқанын білдік. Далада сатылған өнімдерде нитраттан басқа ауыр металлдар көбейеді. Ол да қауіпті», - деді Гүлнәр Ақылбекова. null

Гүлнәр Ақылбекованың айтуынша, акциядан кейін департамент ресми тексеруді бастайды. Ресми тексеру нәтижесінде нитрат мөлшері мол екені анықталса, заңды және жекелей тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 200-300 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Сонымен қатар, департамент өңір тұрғындарына әсіресе, ата-аналарға қазіргі кезде қарбыз бен қауынды тұтынуға болмайтынын ескертеді.

«Біздің міндетіміз халыққа бұл өнімдердің қауіпті екенін жеткізу. Бақша дақылдары қазір өте қауіпті. Олар тамыз айында ғана піседі. Бүгінде дақылдар өткір уланумен қауіпті. Адамның қанша тұтынғанына байланысты. Нитарттар өзі қауіпті емес. Организмге енгенде нитритке айналады. Нәтижесінде бауыр, бүйрек зақымдалып, көру қабілеті нашарлайды. Қанмен айналып, барлық мүшеге зиян келуі мүмкін. Әсіресе, балаларға қауіпті. Ата-аналарға әлі ерте екенін айтқымыз келеді», - деді бөлім басшысы.

Айта кетейік, акция барысында базардағы бақша дақылдарының біразы облыс бойынша таралып кеткені белгілі болды. Сатушылардың қолында фитосанитарлық қызметтен сатылымға шығаруға болатыны жөнінде рұқсат қағазы бар. Алайда, фитосанитарлық қызметте өнім құрамындағы нитрат мөлшері тексерілмейді. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Павлодар облыстық департаменті сатылымдағы өнімдерді жоюға нұсқау беретін болады.null

Соңғы жаңалықтар