Павлодарда «Сарыарқа самалы» газетінің 90 жылдық мерейтойы аталып өтті

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодардағы Естай атындағы мәдениет сарайында облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Жиынға облыс әкімі Болат Бақауов, ғалым, философия ғылымдарының докторы, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Қазақстан ғылым академиясының академигі, абайтанушы Ғарифолла Есім, ардагер журналистер, зиялы қауым өкілдері мен басылымның оқырмандары қатысты.

«Еліміздің төл басылымы - «Сарыарқа самалы» газетінің 90 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Бұл - өңірдегі маңызды даталардың бірі. Осы уақыттың ішінде басылым өзінің бағытынан айныған емес, халықпен бірге жасап келеді. Барлық мәселелерді қамтиды. Ескі мақалаларды ашып оқысаңыз, қаншама тарих сақталған. Осы газетте Қалижан Бекхожин, Мұзафар Әлімбаев, Аманжол Шамкенов сияқты көптеген классик ақын-жазушыларымыз танылды. Газет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әр саладағы реформалар туралы кеңінен жазып келеді. Облыстағы атқарылған шаралар туралы жан-жақты баяндайды», - деген ізгі тілегін білдірді деп аймақ басшысы Болат Бақауов.
null

Бүгінде ауылдық өңірлерде «Сарыарқа самалы» басылымының оқырмандары көп. Бұл шаңырақ Ертіс өңіріне ортақ. Тарихы тереңде жатқан басылымды тарихи сәтпен құттықтауға келген Ғарифолла Есім кезінде «Қызыл ту» аталған бүгінгі «Сарыарқа самалы» басылымымен өмірінің ең қымбат кезеңі байланысты екенін атап өтіп, балалық шақтағы естеліктерімен бөлісті.

«Бүгінгі кешке осыншама газет оқитын адамның жиналғанын көргенде тебіреніп кеттім», - дейді Ғарифолла Есім. «Қазақ той тойласа жадырап, рахаттанып кетеді. Осының барлығы - бейбітшіліктің жемісі. Бүгінгі күн үшін Аллаға шүкіршілік етіп, разы болайық. «Қызыл ту» деген газетке ықыласым ерекше. Кезінде 14-15 жасымда газетке мақала жазып жіберетінмін. Бірде 14 жасымда «Қызыл ту» айқарма бетпен қап-қара болып шықты. Кенеттен «Не болып қалды?» деп әкемнен сұрасам, Мұхтар Әуезов дүниеден өткен екен. Сол кезде газеттің жазушының қазасына қатты қайғырғаны сана-сезімімді төңкеріп тастады. Бұдан кейін сол бір оқушы кезімнен «Абай жолына» деген қызығушылық пайда болды».
null

Сондай-ақ, ардагерлердің атынан газеттің бас редакторы болған Қазақстанның құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері Мұхит Омаров ақ жарма тілегін жолдады.

Бұл күні 90 жылдық мерейтойға орай «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен ақпараттық бөлімінің меңгерушісі Сая Молдайып, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен газеттің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев, сондай-ақ бас редактордың орынбасары Мұрат Аяғанов және редакцияның тағы да басқа қызметкерлері облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды

null null null

Соңғы жаңалықтар