Павлодарда Ресейден келген 20 қазақ ана тілін үйреніп жүр

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда Ресейдегі қазақ диаспорасының өкілдері ана тілін үйреніп жүр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы Ресей Федерациясының шекаралас өңірлерімен ұзақ мерзімді мәдениетаралық ынтымақтастықты іске асыру, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында өткізіліп отырған шараға 20 адам Ресейдің Алтай өлкесі, Омбы және Новосібір облыстарынан келді. Курстың ашылуына «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Николай Дычко мен өңірлік тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы басшысының м.а. Гүлсара Кокина қатысты.

«Ресейдегі қазақ диаспорасы өкілдеріне ана тілін үйрету бойынша жыл сайын курстар өтіп тұрады, - деді Гүлсара Кокина. - Бұрындары біздің өкілдер Ресейге барып үйретіп жүрген болса, биыл облыс әкімі Болат Бақауовтың тапсырмасымен қатысушылар Павлодарға келіп үйренуде. Курстың бағдарламасын көптеген оқу-әдістемелік құралдардың авторы, кітаптарды әзірлеуші тәжірибелі маман Шолпан Кинжикова дайындады».null

Курс барысында интерактивті презентация, бейне материалдар, практикалық сабақтар, тренингтер, топпен жұмыс қызметтері қолданылып, тыңдаушыларды театрларға, мәдени орындарға, әлеуметтік маңызы бар шараларға бару қамтамасыз етіледі. Оған қоса, курс қатысушыларына қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары таныстырылады. Сондай-ақ курсты «Ана тілі» орталығының директоры Шолпан Кинжикова ғана жүргізіп қоймай, қоғамдық ұйымдардың белді мүшелері, ғалымдар, танымал тұлғалдар келіп сабақ үйретеді.

Алғашқы сабақты Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекен Сағындықұлы бастады. Омбы облысының Қазақ ұлттық-мәдени орталығының президенті, РФ Мемлекеттік Думасы депутатының көмекшісі Жанат Бекмагомбетов мұндай шаралардың ертеңгі ұрпақ үшін маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, ұйымдастырушыларға және «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай өз сыйлығын табыстады.

«Қазақ тілінің дамып жатқаны қуантады, - деді Жанат Бекмагомбетов. - Мен 2013 жылы ҚР мәдениет министрінің қабылдауында болып, Ресейде қазақ тілінің дамымай, этникалық қазақтар ана тілін ұмыта бастағаны жөнінде мәселе көтердім. Өкінішке қарай, мен Қазақстан азаматы болмағандықтан көмектесе алмайтындарын айтты. Одан кейін бірден Мәскеуге, біздің мәдениет министрінің орынбасарына бардым. Ол жерде Қазақстан мәдениетін дамытқаным жақсы, алайда біз Ресей азаматы екендігімізді алға тартты. Сондай өкінішті сәттер болды. Қазір барлығы өзгергенін көріп, қуанып отырмыз. Өйткені, біз ана тіліміздің дамуынан қалып қойған буынбыз. Енді балаларымыздың қазақ тілін үйренуіне жол ашылды».

Айта кетейік, Ресейдегі қазақ диаспорасының өкілдеріне арналған курс 10 күнге созылады.

Фото: Оразбек Саяхат

Соңғы жаңалықтар