Павлодарда полицей жолаушыны өртеніп жатқан көліктен аман алып шықты

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар маңындағы күре жолда екі көлік соқтығысып, біреуі өртене бастаған. Барлық жолаушылар сыртқа жүгіріп шықты, тек біреуінің аяғы қысылып, шыға алмай қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үшінші қараша күні сағат 17:30 шамасында Павлодар-Екібастұз күре жолының оныншы шақырымында, Ленинский кентінің маңында «Toyota-Emina» көлігін жүргізіп келе жатқан 30 жастағы әйел айналып өту кезінде «Ауди С -100» маркалы көлікпен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан екінші көлік өртене бастады», - деп хабарлады тілшілерге Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Оқиға орнына Павлодар-Ленинский бағдары бойынша патрульдік қызмет жүргізген аға лейтенант Азат Қайырбеков пен Ербол Айғожин келіп жетті.

«Аға лейтенант Азат Қайырбеков оқиға туралы дереу хабарлап, өрт сөндіру қызметі мен жедел жәрдемді шақыртты. Полиция қызметкері Ербол Айғожин көлікке қарай жүгірді, ондағы барлық жолаушылар өздері шығып үлгерді, арасында бір жас ер адам ғана аяғы отыратын орын мен панельдің арасына қысылып, шыға алмай тұрды», - деп қосып өтті баспасөз қызметінен.

Жалын көліктің салонына тарай бастады. Газбен жүретін көлік кез келген сәтте жарылуы мүмкін еді. Аға лейтенант Айғожин жолаушының аяғын босатып, жолдың жиегіне жетуге көмектесті. Бірнеше минуттан соң көлік толық өртеніп кетті.

«Полицейлер қауіпсіздікті сақтау мақсатында адамдарды жолдың жиегіне шығарып, шошынып қалғандарды тыныштандырды. Оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндіру көлігі өртті сөндірді», - деп қосты баспасөз қызметінен.

Төтенше жағдай салдарынан жарақат алған «Ауди С – 100» көлігінің екі жолаушысы ауруханаға жеткізілді. Көлік айып тұрағына қойылды, тексеріс жүргізіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар