Павлодарда орташа жалақы мөлшері 137 963 теңгені құрады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев Өңірлік коммуникациялар қызметінде шаһардың 2018 жылдың он айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Қала басшысының айтуынша, биыл 6933 адам жұмысқа орналастырылып, 2838 жаңа жұмыс орны ашылды.

- Жұмысымыздың басты бағытының бірі - тұрғындар алдындағы әлеуметтік міндеттерді орындау, - деді Әнуар Күмпекеев. - Қала бойынша орташа жалақы мөлшері 137 963 теңгені құрап отыр. Былтыр әлеуметтік қорғау саласына 1,2 миллиард теңге бөлінсе, биыл 1,3 миллиард теңге бөлінген. Өткен жылы әлеуметтік көмек іс-шараларымен 29 мың адам қамтылса, 2018 жылдың он айында 30,7 мың адамға әлеуметтік көмек көрсетілді.

2018 жылы нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша қамтылған сегіз мың павлодарлықтың 5722-сі тұрақты жұмыс орындарға орналастырылды. Мүмкіндіктері шектеулі 344 азамат та тұрақты табыс көзімен қамтылды.

Қала әкімінің айтуынша, мектепке дейінгі мекемелерді жеке меншіктің басқаруына тапсыру жұмысы да қолға алынуда. Айталық, Павлодарда жұмыс істейтін 101 балалар бақшасының небары сегізі ғана жеке кәсіпкерлердің қарамағында. Әнуар Күмпекеев сәбилер бақшаларын мемлекет меншігінде қалдырып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін 3-6 жас аралығындағы балалар бақшаларына қатысты қолдануға ниетті екендігін айтты.null 

Әнуар Күмпекеев атап өткендей, шаһар аумағындағы бағаларды тұрақтандыру қала басшылығының басты міндеттерінің бірі.

- Облыс орталығында 26 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді, жылдың соңына дейін тағы үш дүкен ашылады, - деп мәлімдеді Әнуар Күмпекеев. - Жыл басынан бастап 44 ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп, 939 миллион теңгелік тауар саудаланды. Жалпы, қаламызда 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің 80 пайызы облыстық деңгейден арзан. Қалған тағам түрлері бойынша жұмыс жүргізілуде.

Баспасөз мәслихаты кезінде шаһар басшысы мемлекеттік тіл мәселесіне де тоқтала кетті. Мемлекеттік тілді меңгеру мәселесін Әнуар Күмпекеев жұмыстың негізгі көрсеткіштерінің бірі деп атады.

- Қалалықтардың қазіргі кездегі мемлекеттік тілді меңгерудің 78,1 пайыздық көрсеткіші төмен деп ойлаймын, - деді Әнуар Күмпекеев. - Осыған қатысты жұмыс жасауымыз керек. Өйткені, мемлекеттік тілді білу бәріміздің міндетіміз.

Соңғы жаңалықтар