Павлодарда өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларға көмек орталығы жұмыс істейді

Фото: None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодарда қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсететін орталық жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Павлодар облысына жұмыс сапары кезінде көпбалалы аналармен кездесіп, «Бақытты отбасы» отбасыларды қолдау орталығының қызметімен танысты.

Аталмыш орталық өңірде 2022 жылдың сәуірінде жұмыс істей бастады. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, орталық көмекке мұқтаж азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Орталықтың тағы бір бағыты – қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарды уақытылы анықтау.

«Төрт ай ішінде 1,5 мың адам кеңес алып, 413 тұрғын қолдау шараларымен қамтылды. Сондай-ақ 210 адам жұмысқа орналастырылып, 26 адам кәсіби оқудан өтті және 11 азамат өз кәсібін ашуға шағын несие алды. Жалпы алғанда, жыл соңына дейін «Бақытты отбасы» орталығында 3000 жуық адамды әлеуметтік қолдау шараларымен қамту жоспарланып отыр», - делінген primeminister.kz сайтында.

Сонымен қатар Е. Тоғжанов әлеуметтік осал топтар санатындағы әйелдермен және өз кәсібін ашқан көпбалалы отбасылармен кездесті. Кәсіпкер әйелдер мемлекеттік қолдау және Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының көмегімен жүзеге асырылған жобалары туралы айтып берді. Мұнда оларға заң мәселелері және бизнес-жоспарларды құрастыру бойынша көмек көрсетіледі. Вице-премьердің пікірінше, бұл – үлгі аларлық бастамалар.

«Маңызды әлеует бар. Біз республика көлемінде жүзеге асыруға болатын шынайы мысалдарды көрдік. Мұндай бастамаларды қолдап, дамыту керек», — деп атап өтті ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.


Бұдан бөлек, 2023 жылдан бастап «Павлодар облысының ауылдық округтері халқының табысын ауқымды және тиімді арттыру» пилоттық жобасын іске қосу жоспарланып отыр.

«Жобаның мақсаты ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі мен экономикалық жағдайын көтеру», — деді Павлодар облысы әкімінің орынбасары М. Өтешов.

Пилоттық жобаны іске асыру үшін атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны жоғары 5 ауылдық округ анықталып, оларда ауыл шаруашылық кооперативтерін құру жоспарланып отыр. Негізгі бағыттар – мал және құс шаруашылықтары, бал арасы мен бақша жидектерін өсіру, өсімдік шаруашылығы мен ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу. Осының арқасында ауылдық жерлерде 350 жаңа жұмыс орны құрылады.

Үкімет табысты арттыру бағдарламасы аясында қабылдаған шаралар бюджет қаржысын әділ бөлу және табыс деңгейі төмен азаматтарды қолдау арқылы «Әділетті Қазақстан» концепциясын іске асырады.


Фото: primeminister.kz





Соңғы жаңалықтар