Павлодарда оқушының басына түскен сүңгі үшін ПИК жауапқа тартылды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда жасөспірімнің басына шатырдан құлаған мұз кесегі үшін Пәтер иелері кооперативі (ПИК) айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиға 6 наурыз күні болды. 16 жастағы жасөспірім бес қабатты үйге кіріп бара жатқанда басына жарты метрлік сүңгі түскен. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан мәлім еткендей, бала бассүйек-ми жарақатының жабық түрі, бас миының шайқалуы, төбе сүйегінің зақымдануы диагноздарымен облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.

«Аталған факті тіркелді. Кәмелеттік жасқа толмаған бала Короленко көшесі, 355-үйдің подъезі жанында шатырдан мұздың құлауына байланысты бас жарақатын алғаны анықталды», - деп жазды Полиция департаментіне сілтеме жасап pavlodarnews.kz.

Ведомство ақпаратына сәйкес, ПИК директоры ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Оған 30 АЕК мөлшерінде айыппұл тағайындалды.

ҚР тұрғын үй қатынастары туралы заңның 43-бабы, 8-тармағы бойынша кез келген ПИК, ЖШС қызмет көрсететін тұрғын үйдің санитарлық және техникалық жағдайына жауапты.

Соңғы жаңалықтар