Павлодарда мультимедиялық музей, жабық футбол манежі, онкодиспансер ашылады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Павлодар өңірінде жабық футбол манежі, «Ertis» мультимедиялық музейі, көпқабатты тұрғын үй және онкологиялық диспансер пайдалануға беріледі. ҚазАқпарат бұл туралы облыс әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мереке қарсаңында павлодарлық 72 отбасы өз пәтерлеріне көшеді. Жаңа үйдің жалпы ауданы 4 мың шаршы метрден астам. Тоғыз қабатты үйдің құрылысы 2018 жылғы желтоқсан айында басталған болатын. Жалпы, жыл басынан бері облыста 170 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11% көп. Нәтижесінде 272 отбасы жаңа пәтерге қоныстанды. Жыл соңына дейін тағы 1399 отбасы пәтер кілттеріне ие болатыны күтілуде.

Ал «Спорт-Сити» қалашығында мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде тұрғызылған облыстағы жалғыз жабық футбол манежі ашылады. Мұнда жыл бойы футбол ойнауға болады. Манеж бір мезетте 88 адамды қабылдай алады. Құрылысы демеушілер қаражатының есебінен жүргізілді, құны - 1,4 миллиард теңге. Манеждің өзінен бөлек, мердігер ұйым спорт ғимаратына жақын орналасқан аумақты абаттандырды, жол төсеп, кең көлемді футбол, баскетбол алаңдарын және скейтборд тебуге арналған алаңқай жасады.

Бұдан бөлек, Павлодар тұрғындары кезекті бірегей жоба – жаңа «Ertis» мультимедиялық музейінің экспозициясымен таныса алады. Бұл Қазақстандағы жаратылыстану ғылымдарына арналған тұңғыш музей. Келушілер Павлодар облысының аумағында табылған түрлі жәдігерлерді тамашалап, тарих, геология, археология, көне және орта ғасырлар тарихымен таныса алады. Сонымен қатар, музей мультимедиялық техникамен: real-book кітабымен, ақпараттық touch-панельмен және заманауи инсталляциялармен жабдықталған. Музей Есенәлиев көшесі, 2 мекенжайы бойынша орналасқан.

Сондай-ақ Павлодарда ауылшаруашылық музейі ашылатыны жоспарланған. Оны құру ісін өңірдің ірі ауылшаруашылық кәсіпорындары қолдады. Павлодар қаласында осы салаға арналған қоғамдық музей 2001 жылы ашылған болатын. 2019 жылы музей экспозициясы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы орналасқан ғимаратқа көшірілді. Оның қоры жаңа жиынтықтармен және экспонаттармен толықтырылды. Келушілер өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің 1887-1917 жылдардан бастап, Тәуелсіз Қазақстан кезеңін қоса алғандағы тарихымен таныса алады.

Мерекеге орай көптен күткен онкологиялық диспансер де пайдалануға беріледі. Нысанның құрылысына 7,2 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде, желілік жылдамдатқышты сатып алуға және орнатуға республикалық бюджеттен 1,8 миллиард теңге, ал медициналық жабдықтарды сатып алуға облыстық бюджеттен 2,8 миллиард теңге бөлінді.

Жаңа радиологиялық корпус 200 орынға арналған. Тұрғындарға мамандандырылған онкологиялық көмектің көлемін кеңейтіп, сапасын арттыру және науқастарды оңалту үшін онкодиспансерде жаңа стационарлық бөлімшелерді, жеке операциялық-реанимациялық блокты, емхана бөлімшесін және әлемдік стандарттарға сай келетін сәулелік терапияның интервенциялық әдістерін өткізуге қажетті радиациядан қорғау бункерлері бар радиологиялық бөлімшенің жеке 4 корпусын ашу жоспарланып отыр. Орталықта компьютерлік томограф, магниті-резонанстық томограф, эндоскопиялық құрал-жабдықтар, С-доғасы бар рентген құрылғы, кіші инвазивті операциялар жүргізуге қажетті радиожиілікті абляция аппараты мен эндобейнехирургиялық құрал-жабдықтар бар. Жаңа технологиялардың арқасында толық сәулелі терапияны бар-жоғы үш күннің ішінде алуға болады.

фото: pavlodar.gov.kz

Соңғы жаңалықтар