Павлодарда мектеп оқушылары тұрғын үй терезесіне оқ атқан

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодарда мектеп оқушылары тұрғын үй терезесіне екі рет оқ атты, тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 23 қаңтар күні сағат 17:47-де 34 жастағы қала тұрғыны полицияға қоңырау шалып, белгісіз біреулер оның терезелеріне оқ атқанын айтқан. Жедел-тергеу тобы оқиға орнына дереу жеткен. Тексеру барысында екі оқ атылғаны және салдарынан Бұқар жырау көшесіндегі үйдің үшінші қабатында орналасқан балконның әйнегі зақымдалғаны анықталды.
Полиция қызметкерлері 13-15 жас аралығындағы кәмелетке толмаған 7 баланы ұстады. Олар Павлодар қаласының №№ 6, 16, 24, 29 және 34 мектептерінің оқушылары болып шықты.
«23 қаңтарда жасөспірімдер досына компьютерлік ойындар ойнауға жиналған. Олардың бірі өзімен бірге тапаншаға ұқсас затты алып келген, оны танысынан алған. Қызығушылық үшін балалар балконға шығып, кезекпен оқ атқан. Бұл оқтың бірі полицияға жүгінген ер адамның пәтерінің балкон терезесіне тиген», - делінген хабарламада.

Қару тәркіленіп, сараптама тағайындалды. Соның нәтижелері бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Айта кету керек, балалардың іс-әрекеттері үшін заңды өкілдері жауап береді.


Соңғы жаңалықтар