Павлодарда мекенжай анықтамасын сұраған 6 мектеп директоры жазаланды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ведомствосы оқушылардан мекенжай анықтамасы және басқа құжаттарды талап еткен мектеп директорларына жаза қолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Департамент (Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті - Ред.) білім бөлімімен бірлесе Павлодардағы жалпы білім беретін орта мектептерде тексеріс жүргізді. Соның нәтижесінде, мектептер мекенжай анықтамасын және стандартта көрсетілмеген басқа да құжаттарды талап еткені анықталды», - деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.

Өңірлік ведомство «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірге талдау жүргізіп, Павлодар облысының шамамен бір жарым мың тұрғыны халыққа қызмет көрсету орталықтарына бір реттік анықтамалар және басқа да құжаттарды алу үшін жүгінетінін анықтады. Оқу жылының басында мемлекеттік корпорацияның филиалдарының алдында адамдар ұзын-сонар кезекке тұрған.

Олардың көпшілігі білім мекемелеріне беру үшін мекенжай анықтамасын алғаны белгілі болды.

«Осыған байланысты, стандартта белгіленбеген құжаттарды талап етіп, «Мемлекеттік қызметтер туралы» Заңның 5-бабының 2-тармағын бұзғаны үшін Павлодардың №№ 9, 11, 26, 29, 32, 41 жалпы білім беретін орта мектептерінің директорлары тәртіптік жазаға тартылды. Департамент Павлодар облыстық білім басқармасына білім ошақтары мен мектепке дейінгі білім мекемелерінде басқа мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеу қажеттігі ескертілді», - делінген хабарламада.

Департамент тұрғындарды, анықтамалар және басқа да құжаттарды реттеуге асықпастан, мемлекеттік қызметтер стандартында көрсетілген құжаттар тізімімен дұрыстап танысып алуға шақырады.

Соңғы жаңалықтар