Павлодарда Малайсары батырға ескерткіш қойылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Павлодарда қазақ халқының даңқты батыры Малайсары тарханға ескерткіш қойылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, Батырдың зәулім ескерткіші Қазақстан Тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналған «Ұлы Дала елі» фестивалінің шеңберінде ашылды.

Ескерткіштің ашылу салтанатына Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, «Малайсары тархан» қоғамдық қорының президенті Тито Сыздықов, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров және басқа да құрметті қонақтар қатысқан. Ескерткіштің авторы - белгілі мүсінші Болат Құсайынов. Ескерткіш бірнеше сәулет элементінен құралған біртұтас композициядан тұрады. Композицияның бірінші бөлігін - биіктігі 60 см 4 баспалдақ, екінші бөлігін - биіктігі 4,4 метр үш баспалдақты тұғыр, үшінші бөлігін - биіктігі 5 метр мыстан жасалған тұлпардың үстіндегі батырдың тұлғасы құрайды. Ескерткіштің құрылысына тегістелген табиғи гранит пайдаланылған. Гранит тастары Құрт кен орнынан алынды.

Малайсары батыр - Орта Жүздің Арғын тайпасы Бәсентиін руының Сырым атасынан тарайды. Ол Павлодар облысының аумағында дүниеге келіп, қазақ-жоңғар шайқастарындағы ерекше ерлігімен халық жадында қалған. Қазіргі таңда Май ауданындағы ауыл батырдың есімімен аталса, Қызылжар ауылындағы мешіт те «Малайсары батыр мешіті» деп аталады.  

Соңғы жаңалықтар