Павлодарда мал ұрлығымен айналысқан үш қылмыстық топтың жолы кесілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысының құқық қорғаушылары сәтті өткізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде облыс аумағында мал ұрлығымен айналысқан, 12 адамнан құралған үш қылмыстық топтың жолын кесті. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Павлодар облыстық полиция департаментінің әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Департаменттен хабарланғандай, тәртіп сақшылары 25-40 жас аралығындағы 6 адамнан тұратын топты құрықтаған. Ұрылар қылмыстық кәсіппен соңғы жылдары Май ауданының аумағында айналысқан. Тергеу барысында олардың тағы 5 фактіге қатысы бары анықталды. Жалпы алғанда олар 74 бас жылқы ұрлаған. Қабылданған шаралардың арқасында заңды мал иелеріне 37 жылқы қайтарылып, қалғандарының сатылған орындары белгілі болды.

«Сондай-ақ, Баянауыл ауданында бос мал жайылымынан 26 бас жылқының ұрлануына қатысты 2 күдікті ұсталды. Заттай айғақ ретінде полицейлер ұрланған малдың бірнешеуін иелеріне қайтарды. Қалған ұрланған жылқыларды күдіктілер Қарағанды облысында сатқан. Барлық сату орындары анықталды. Қазіргі уақытта күдіктілер қамауда отыр. Тергеу жалғасуда. Сондай-ақ күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатысы бары тексерілуде», - делінген хабарламада.

Полицейлердің күшімен ұсталған үшінші топ Ақсу ауданында қолға түскен. Бірнеше рет мал ұрлаған топтың құрамында 4 адам болған. Тергеу кезінде ұрылардың мал ұрлығының 11 фактісіне қатысы бары дәлелденген. Қазіргі уақытта аталған топтың барлық мүшелері сотталғаны хабарлануда.

Соңғы жаңалықтар