Павлодарда қыстың көзі қырауда көпқабатты үйлер дұрыс жылымай отыр

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - «Павлодарэнерго» АҚ көппәтерлі үйлерде жылудың жеткіліксіз болуының алдын ала себебін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жылумен жабдықтау жөніндегі комиссия жұмысының аралық нәтижесі туралы өңір басшысына Павлодар әкімі Ержан Иманслям және «Павлодарэнерго» АҚ басшысы Олег Перфилов баяндады.

Павлодарда тұрғындар жылудың жеткіліксіздігіне шағым түсірген көппәтерлі үйлерді тексеретін комиссия өз жұмысын жалғастырып жатыр.

5 қаңтар күні таңертең әкімдік пен «Павлодар жылу желілерінің» мамандары 127 үйді аралап шықты. 92 жағдайда жылумен жабдықтау нормадан төмен болды.

- Осы көпқабатты үйлерге қызмет көрсететін ПИК-терге ішкі жылу жүйесін реттеу ұсынылды. «Павлодар жылу желілері» параметрлерді теңестіру бойынша қосымша жұмыс жүргізуде, - деді Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманслям. - Әлеуметтік нысандарға келетін болсақ, мектептер, балабақшалар және басқа да мекемелер штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.

«Павлодарэнерго» АҚ басшысы Олег Перфилов қалаға жылу беретін энергия көздері дұрыс жұмыс істеп тұрғанын айтты.

- Негізгі мәселе кейбір үйлерде шүмектердің алынып тасталуында. Нәтижесінде магистралдық желілерге жақын үйлерде жылу шамадан артық болып, ал арырақ орналасқан көп қабатты үйлерге жылу жетпей отыр. ПИК-терді үй ішіндегі желілерден алынып тасталған шүмектерді қалпына келтіруге итермелеу қажет, - деді Олег Перфилов.

Өңір басшысының айтуынша, ПИК басшылары тарапынан әрекетсіздік немесе тәртіп бұзушылық болған жағдайда, комиссия жұмысына қатысуға жергілікті полиция қызметін тарту қажет.

Әбілқайыр Сқақов жақын арада Павлодардың көппәтерлі үйлеріндегі жылу жеткіліксіздігінің нақты себептерін анықтауды және олар туралы келесі жұмыс кеңесінде баяндауды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар