Павлодарда Құрбан айт күндері 20 қазан палау пісіріледі

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда Құрбан айт мерекесіне арналған шаралар 11 тамыз күні қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы саябағында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Мәшһүр Жүсіп мешітінің наиб имамы Қанат Қабдыкәрімұлының айтуынша, мерекелік шаралар 11 тамыз күні сағат 14:00-ден 18:00-ге дейін жалғасады.

«Жылдағыдай саябақтағы шарамыз ҚМДБ-ның облысымыздағы өкіл имамы Жолдас Қоспақұлының құттықтауымен басталады. Облыс орталығында орналасқан 7 мешіттің әрқайсысы үш қазан палау пісіреді», - деді Қанат Қабдыкәрімұлы.

Сондай-ақ кешкі сағат 18:00-ге дейін күрес, арқан тартыс және өзге де ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, балаларға сыйлықтар таратылмақ.

Айта кетейік, Құрбан айт мерекесі облысымыздағы барлық мешіттерде таңғы сағат 7:00-де айт намазын оқумен басталады.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, мереке күндері яғни, 11, 12 және 13 тамызда Павлодар қаласында құрбандық шалу рәсімін ұйымдасқан түрде өткізу үшін «Құлагер» ипподромында (Павлодар қ., Солтүстік өнеркәсіптік аймақ) арнайы алаң анықталды. Онда мал сою және сату қызметтері ұсынылады. (№ 1, 6, 7, 10 трамвайлары жүреді). Жұмыс уақыты: сағат 08.00-ден басталады.

Соңғы жаңалықтар